Қазақстан ақылы жолдар ұзындығын арттырмақ

Күні: 19:16, 06-02-2019.

Астана. 6 ақпан. ҚазТАГ – Қазақстан ақылы жолдар ұзындығын арттырмақ, бұл оларды бюджет қаржысын тартпай-ақ күтіп ұстауға мүмкіндік береді, деп хабарлады индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек.
«Автокөлік жолдарының нормативті күтіп ұсталуын және сақталуын қамтамасыз ету мақсатында аталмыш жолмен жүргені үшін төлем алу жүйесін енгізу жобасы жүзеге асырылуда», - деді сәрсенбіде үкіметтегі баспасөз мәслихатында.
Министрдің ақпарынша, қазіргі таңда келесі жолдарда төлем алу басталған: жалпы ұзындығы 471 км болатын Алматы-Қорғас, Алматы-Қапшағай және Астана-Теміртау жолдары.
«Белгілі бір мәселелер бар, себебі жүйенің жұмыс жасағанына бір жеті ғана болды. Бірақ біз көріп отырғандай, бүгінгі күннің өзінде төлем есебінен бюджет қаржысын тартпай-ақ бұл жолдарды ұстай аламыз және оған қоса осы төлем есебінен осы өңірлердегі басқа жолдарды да күтіп ұстай аламыз. Жол жүру құны Боровой тас жолындағы секілді (Астана-Боровое – ҚазТАГ), жеңіл көліктер үшін 1 шақырымға шамамен 1 теңге. Көршілерімізбен салыстырар болсақ, бұл бірнеше есе арзан. Екі жыл ішінде тағы да 5,5 мың шақырым жолға төлем алу жүйесін енгізуді жоспарлап отырмыз», - деді министр.
Ол түсіндіргендей, мәселе бірінші санаттағы жолдар турасында: бөліп тұратын жолағы және 130 шақырымға дейін жылдамдықпен жүруге рұқсаты бар жолдар.
«Яғни, жоғары жайлылықтағы. Соның есебінен автокөлік жолдарын күтіп ұстауға кететін шығын барынша қысқарады», - деді министр.


Жаңалықтармен бөлісу: