Қазақстан АӨЫСШ кеңесін толыққанды ұйымға айналдыруды ұсынды

Астана. 4 қазан. ҚазТАГ – Қазақстан Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті толыққанды ұйымға айналдыруды ұсынды, деп хабарлады ҚР президентінің баспасөз қызметінен.
«Қазақстан әрқашан қарусыздану мен сындарлы дипломатияны жақтайды. Қауіпсіздік проблемаларын шешуде ұжымдық көзқарастарды сарапқа салатын алаң екенін дәлелдеген Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес зор рөл атқаруы мүмкін. Осы форумды толыққанды ұйымға айналдыру мәселесін талқылайтын уақыт келді», - деді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сочидегі «Валдай» халықаралық пікірталас клубының жыл сайынғы XVI отырысының пленарлық сессиясында.
Еліміздің бітімгершілік мәселесіндегі ұстанымын айта келе, Президент Қазақстанның аймақтық қақтығыстарды реттеуде әділ арағайындықты жақтайтынын айтты. Мемлекет басшысы Таяу Шығыс үшін, оның ішінде, Сирия бойынша Астана процесінде өміршең шешімдер іздестіруге дайын әрі қолдауға әзір екенін мәлімдеді.
«Қазақстан соңғы айларда шиеленісіп кеткен Ауғанстандағы жағдайды бақылауда ұстайды және көмектесуді жалғастыра береді», - деп атап өтті мемлекет басшысы.
Баяндамада Қазақстанның қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп беру қызметін жалғастыра беретіні айтылды.
«Қауіпсіздіктің сан қырлы қатерлерін кешенді түрде шешпей, Азияның экономикалық ғажайыбын жүзеге асыру мүмкін емес. Ұжымдасып әрекет етпесек «Азияның даму ғасырының» орнына бүкіл ғаламға кесірі тиетін көмескіленген «Азияның күңгірт күндеріне» тап болуымыз мүмкін», - деп санайды Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев Батыстың өзара іс-қимылынсыз Шығыста тиімді қауіпсіздік архитектурасын қалыптастыру мүмкін емес деп санайды. Осы орайда, ол Қазақстанның АӨСШК мен ЕҚЫҰ ұйымдарының мүмкіндіктерін біріктіру туралы ұсынысын еске салды.
«Біздің аймақтағы ортақ жұмысымыздың негізгі бағыты терроризм және экстремизммен, ұйымдасқан қылмыспен, заңсыз миграциямен, есірткі тасымалымен күрес болуы ықтимал. Ал адами капиталды дамыту, мемлекеттік басқарудың үздік үлгілерін енгізу, инновациялық мүмкіндіктерді жетілдіру, су ресурстарын тиімді әрі теңдей пайдалану – біздің жасампаздық жолындағы дамуымыздың басты бағдары болуы тиіс», - деп санайды президент.
Сонымен қатар, Қазақстан ЕАЭО аясында конструктивті жұмысты жалғастыра бермек.
«Конъюнктураның нашарлауына байланысты туындаған қиындықтарға қарамастан, біздің ұжымдық бірлестігіміз беделді экономикалық ұйымға айналып келеді. Бұған ұйымның сауда әріптестік желісінің Сингапурдан Сербияға дейінгі кеңістікті қамтуы айқын дәлел», - деп атап өтті мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы шараға қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан тарихи және географиялық орналасу жағынан Шығыспен де, Батыспен де байланыс орнатқанын атап өтті. «Біз исламдық, конфуциандық және шығысхристиандық өркениеттердің тоғысында орналасқанбыз. Ұлы Жібек жолы, Алтын Орда, еуразиялық өмір салты қазақтардың мәдени кодының негізгі бөлшегін құрайды», - деді ол.
Мемлекет басшысының айтуынша, «Азия ғасыры» дегеніміз, бұл – халықтың өсу қарқыны, жалпы ішкі өнім, сауда, өнеркәсіп және жоғары технологиялық өндіріс.
«2018 жылы әлемнің ең табысты 500 ірі компаниясының 210-ы азиялық болған. Азия компаниялары цифрлық технологиялар саласында әлемдегі көшбасшылардың бірі саналады. Бұл құрлықтағы елдер ғаламдық жалпы ішкі өнімнің 50 пайызын қамтамасыз етіп, халықаралық сауда мен инвестицияларды ынталандыруда», - деп атап өтті Тоқаев.

adimage