Қазақстан бейбітсүйгіш сыртқы саяси бағытты сақтайды – СІМ

Күні: 17:27, 20-03-2019.

Астана. 20 наурыз. ҚазТАГ – Қазақстан бейбітсүйгіш сыртқы саяси бағытты сақтайды, деп хабарлады қазақстандық СІМ баспасөз қызметінен.
«Қазақстан барлық халықаралық міндеттемелерді сақтай отырып, көп векторлы, теңгерімділік және прагматизм қағидаттарына негізделген бейбітсүйгіш сыртқы саяси бағытты сақтайды. Әлемдік қоғамдастықтың барлық елдерімен қарым-қатынас өзара сыйластық, тең құқылық және бір-бірінің мүдделерін есепке алу негізінде құрылады», - делінген сәрсенбіде таратылған СІМ ел басшысының ауысуымен байланысты жасаған мәлімдемесінде.
Сыртқы саяси ведомствода атап өткендей, «Қазақстан Республикасының жаңа Президенті өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және басқа да заңдарына сәйкес құратын болады».
«Қазақстанның қазіргі заманғы саяси жүйесі биліктің, мемлекеттің саяси және экономикалық дамуының толық сабақтастығын қамтамасыз етеді. Бірінші кезекте азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруға, заңның үстемдігі мен дамуының демократиялық моделі негізінде азаматтық қоғам институттарын күшейтуге бағытталған тыныс-тіршіліктің барлық салаларын жаңғырту жалғастырылатын болады. Мемлекет Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі, оның ішінде шетелдік бизнес әріптестердің құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі шараларды жалғастырады», - делінген мәлімдемеде.
Еске салсақ, 19 наурызда Қазақстан тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 20 наурызынан бастап Қазақстан президенті лауазымындағы өкілеттігінің аяқталғаны туралы жарлыққа қол қойды. Кезекті сайлауға дейін мемлекетті сенаттың экс-спикері Қасым-Жомарт Тоқаев басқаратын болады, ол ант беріп, мемлекет басшысы өкілеттігін атқаруға кірісті.


Жаңалықтармен бөлісу: