Қазақстан Чехияға автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау көлемін арттырады

Астана. 27 сәуір. ҚазТАГ – Қазақстан Чехияға автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдауға арналған қосымша рұқсат көлемін алады, деп хабарлады ҚР ИДМ баспасөз қызметінен.  
«Астанада сәуірдің 26 мен 27 аралығында халықаралық автомобиль тасымалдары мәселелеріне қатысты Қазақстан – Чехия Аралас комиссиясының отырысы өтті. Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық туралы айтып, екі ел арасындағы жүктерді тасымалдау жөнінде ақпарат алмасты, сондай-ақ тасымалдауға қосымша рұқсат бланкілерінің көлемін белгіледі», - делінген жұмада таратылған хабарда.  
2017 жылы Қазақстан мен Чехия арасында жүктерді тасымалдауда оң динамика байқалды. Жыл қорытындысы бойынша автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау көлемі бұл бағытта 17 %-ға өсіп, 17,9 мың тоннаны құрады. Негізгі тасымалданатын жүктер қатарында жабдықтар, электрондық техникалар және халық тұтынатын тауарлар бар.
«Бұл бағытпен жүрушілердің көптігіне байланысты екі тарап 2018 жылы жан-жақты рұқсат бланкілерінің көлемін 600-ге (барлығы 1400) және үшінші елдерге/ден тасымалдауға рұқсат беретін бланкілер санын 200-ге (барлығы 400) дейін ұлғайтуға келісті», - делінген хабарда.
Бұл ретте атап өтілгендей, биылғы жылдың рұқсат бланкілері 2019 жылдың 1 ақпанына дейін жарамды болады.
Сонымен қатар 2019 жылға 1400 әмбебап және 400 үшінші елдерге/ден алдын-ала рұқсат квотасы келісілді.

adimage