Қазақстан джиу-джитсуды дамыту бойынша үздік елдер қатарында екінші болды

Астана. 29 қараша. ҚазТАГ – Қазақстан джиу-джитсуды дамыту бойынша үздік елдер қатарында екінші болды, деп хабарлады ҚР джиу-джитсу қауымдастығынан.
«Халықаралық джиу-джитсу федерациясы Қазақстанды джиу-джитсу дамытып отырған үздік елдердің бірі деп таныды. Әбу-Дабиде аталмыш спорт түрін кеңінен насихаттап жүрген 36 мемлекет өкілдерінің қатысуымен джиу-джитсуден өткен Әлем чемпионаты аясында JJAU Азия Одағының Бас Ассамблеясында елімізге күміс медальді табыстау туралы шешім жария етілді», - делінген жұмада таратылған хабарда.
Қауымдастықта нақтылағандай, қазақстандық спортшыларды JJIF федерациясының Президенті Панайотис Теодоропулос марапаттады.
«Джиу-джитсу Қазақстанда енді ғана дамып келе жатқан жаңа спорт түрі. Соңғы екі жылда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Бізді әлемдік деңгейде мойындағаны - соның дәлелі. JJIF джиу-джитсуді дамытқаны үшін әлем бойынша екінші орынды Қазақстанға беруі біздің спортшыларымыздың халықаралық додалардағы жеңістерінің нәтижесі, сондай-ақ елімізде ірі жарыстарды өткізгеніміз үшін берілді», - деді Қазақстандағы джиу-джитсу қауымдастығының президенті.
Хабарда атап өтілгендей, 2020 жылдың ақпан айында шетелдік ұлттық құрамалардың мүшелері Алматы облысындағы оқу-жаттығу базасында бірлескен жиын өткізеді.
«Жергілікті мекеннің тұмса табиғаты мен таза ауасы спортшыларға оң әсерін тигізбек. Оқу-жаттығу шарасына 200-ден астам адам келеді деп күтілуде», - делінген хабарда.
Қауымдастықта атап өткендей, Әбу-Дабиде өткен Әлем чемпионатында қазақстандық спортшылар 3 алтын, 9 күміс және 12 қола жүлдені қанжығасына байлады.
«Дүбірлі додада жас спортшылар да, Қазақстанның ұлттық құрамасының мүшелері де күш сынасты. Пара-спортшы Ильдар Зайналов та ел қоржынына күміс медаль салды. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан командалық есепте Ne-Waza бөлімінде үшінші орын алды», - деді қауымдастықтан.
ҚазТАГ ХАА тілшісіне қауымдастықтан джиу-джитсу дамыту бойынша әлемдік рейтингте көш бастап тұрған БАӘ екенін, ал үшінші орында Қазақстаннан кейін Германияның орналасқанын айтты.

adimage