Қазақстан ЕҚЫҰ беделі мен тиімділігінің нығаюына ықпал етеді – Тоқаев

Күні: 11:15, 09-04-2019.

Астана. 9 сәуір. ҚазТАГ - Қазақстан Еуропа қауіпсіздігі мен ынтымақтастығының (ЕҚЫҰ) беделі мен тиімділігінің нығаюына ықпал етеді, деп мәлімдеді ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Қазақстан ЕҚЫҰ-мен белсенді ынтымақтастықты жалғастырады, оның беделі мен тиімділігінің нығаюына ықпал етеді», - деп жазды Тоқаев дүйсенбі күні өзінің Twitter парақшасында.
Ол еске салғандай, «Астанадағы ЕҚЫҰ саммиті 2010 жылы әлемдік саясатта маңызды оқиға болды».
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы Мирослав Лайчакпен кездесті.
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сыртқы саясатының бейбітшілдік сипатын атап өтіп, еліміздің халықаралық ұйымдармен арадағы сындарлы ынтымақтастыққа адал екенін айтты. Лайчак өз кезегінде мақсаты қақтығыстардың алдын алу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жан-жақты тиімді ынтымақтастық орнату екенін атап өтті, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық дағдарыстарды реттеудегі стратегиялық рөліне ерекше тоқталды.
Кездесу аясында тараптар күн тәртібіндегі өңірлік және халықаралық өзекті мәселелерді талқылап, Қазақстан Республикасының Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен ықпалдастығының перспективаларына тоқталды.
Еске салсақ, 8 сәуірде кездесу барысында Лайчак Қазақстанның сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловпен тұрақты өзара қарым-қатынас жөніндегі ЕҚЫҰ орталығын құру мәселесін талқылады.


Жаңалықтармен бөлісу: