Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық елдерінің жоғары аудит органдарын (ЭКОСАИ) басқарады

Күні: 11:09, 23-10-2019.

Астана. 23 қазан. ҚазТАГ – Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық елдерінің жоғары аудит органдарын (ЭКОСАИ) басқарады, деп хабарлады Қазақстанның республикалық бюджетінің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті (ЕК) баспасөз қызметінен.
«Қазақстан Түркия республикасының Стамбул қаласында өткен 8-ші ассамблеяда ЭКОСАИ президенті болып сайланды. Қазақстанның ЭКОСАИ-дың Президенті болып сайлануы жауапты және құрметті миссия болып табылады. Бұл Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтуға мүмкіндік береді және шет елдермен әріптестік байланыстарды кеңейтуге ықпал етеді», - делінген сәрсенбіде таратылған хабарда.
Барлығы шараға 13 елдің ЖАО өкілдері қатысуда. Күн тәртібінің негізгі тақырыптары – «Аудит жүргізудің тиімділігі және аудиторлық тексерулердің нәтижелілігі» және «МЖӘ ұйымдарының тиімді аудиті».
Стамбул қаласында (Түркия Республикасы) 21-23 қазан аралығында өтіп жатқан Экономикалық ынтымақтастық елдерінің жоғары аудит органдары ұйымдарының 8-ші Ассамблеясына Қазақстан Есеп комитетінің Төрайымы Наталья Годунова бастаған делегация қатысуда. Есеп комитетінің Төрайымы Наталья Годунова Ассамблеяның негізгі тақырыбы бойынша баяндама жасады. Ол мемлекеттік аудитті дамытудың негізгі бағыттары туралы айтып, мемлекеттік аудиттің қаржылық бақылаудың ұлттық жүйесін жетілдіру бойынша Қазақстанның тәжірибесімен бөлісті.
«2015 жылы қабылданған «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заң республикалық бюджет жобасын шығыстардын негізгі бағыттары бойынша алдын ала бағалау, бюджеттің атқарылуын және Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының іске асырылуын ағымдағы бағалау, мемлекеттік борышты басқару аудит жүргізу және басқа да бірқатар бағыттар бойынша өкілеттіктерді бере отырып, Есеп комитетінің функцияларын едәуір кеңейтті. Осыны ескере отырып, біздің жұмысымыздың басты бағыты тиімділікті талдау және оның өсуіне арналған резервтерді анықтау, сондай-ақ алдын алу шараларын қолдану болды», - деді Қазақстанның Есеп комитетінің Төрайымы.
Сондай-ақ, Наталья Годунова Қазақстан Республикасының Парламенті биылғы жылы бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін тиімсіз жоспарлағаны және пайдаланғаны үшін мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының жауапкершілігін қатаңдату бөлігінде қолданыстағы заңнаманы өзгерту жөніндегі Есеп комитетінің бастамасына қолдау білдіргенін атап өтті.
«Біздің ойымызша, аталмыш өзгерісті қабылдау аудиторлық тексерулердің нәтижелілігіне жағымды әсер етеді және елдегі бюджеттік жоспарлау саясатын айтарлықтай өзгертеді. Сонымен қатар, аудиторлық тексерулердің нәтижелілігіне сапаны бақылау жүйесі де маңызды әсер етеді» – деді ол.
Хабарда атап өтілгендей, ЭКОСАИ-дың Тренингтік комитетінің 19-шы отырысы барысында ЭКОСАИ-дың 2019-2022 жылдарға арналған дайындау бағдарламасы аясында 2021 жылы Қазақстанда «Мемлекеттік борышқа аудит жүргізу» оқу бағдарламасын өткізу туралы шешім қабылданды.


Жаңалықтармен бөлісу: