Қазақстан фермерлері одағының президенті Әуезхан ДАРИНОВ: КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ ФЕРМЕРЛЕРДІҢ 20% БАНКРОТҚА ҰШЫРАУЫ МҮМКІН

 

Астана. 30 қазан. ҚазТАГ – Бауыржан Мұқанов. ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі дәнді дақыл жиналып, республиканың оңтүстігінде күріш жинау ғана қалғаны туралы есеп берді. Қорытынды көлем жарияланатын кез жақын қалды. Шенеуніктер мен сарапшылардың пікірі бір жерден шықты: 2012 жыл фермерлер үшін оңай жыл болған жоқ: құрғақшылық ресми бағалау бойынша, 1,1 млн га егістікке залалын тигізді. «Қазақстан фермерлері одағы» РҚБ президенті Әуезхан Даринов агенттікке сұхбат беріп, Қазақстандағы астық мөлшері туралы, құрғақшылықтан зардап шеккен егістіктердің балама бағасы туралы, фермерлердің ағымдағы және шешімін таппай келе жатқан проблемалары туралы айтып берді.

 

 

- Әуезхан Қамешұлы, дәнді дақыл жинау науқаны аяқталып қалды, астық көлеміне қатысты болжамыңыз қандай? Ол ауыл шаруашылығы министрлігінің болжамымен сәйкес келе ме?

 

 

             - Мен әзірге сандарды атай алмаймын. Атқарушы билік жиналған астық туралы ауыл шаруашылығы министрлігіне есеп береді. Мысалы, фермер: «Биыл менде гектарынан 5 центнерден айналады»дейді. Әрине, ол бұл мәліметтерді атқарушы органдарға хабарлайды: ауданға, әкімдікке, статистикаға. Олар да есеп береді. Ай өтті, болжам жүзеге асқан жоқ. Фермер гектарынан 5 центнерден жиналады деп ойлап еді, комбайн іске кіріскенде, небәрі 2 центнерден шықты. Солай да болады.

 

 

- Яғни, есептің егін орағына дейін берілгені ме?

 

 

 - Солай болып отыр. Біз өз бағалауымызды қаңтарда, бәрі нақты сандарын есептеп шығарғанда жариялаймыз. Бірақ қазірдің өзінде астыққа қосып жазудың жекелеген жағдайлары бар. Мұныңмен жергілікті жерлерде кейбір аудандар айналысады. Мұндай фактілер бар және біз бұл туралы хабарлап отырмыз. Фермердің өзіне қосып жазудың еш керегі жоқ. Аудан әкімі мәжбүрлейді. Ал аудан әкімінің мүддесі неде екенін оның өзінен сұрау керек.

Біздің ойымызша, қандай да бір стратегиялық жоспарда әкім жұмысының сапасын жиналатын астық бойынша да бағалау туралы жазылған. Әкім түсіндіріп жатпау үшін бір центнерді қосып жазады.

 

 

- Алайда министрліктің астық бойынша болжамы – 12 млн тонна дәнді дақыл. Сіздің алдын ала бағалауыңыз ресми болжаммен сәйкес келе ме?

 

 

- Күмәнім бар. Желтоқсан-қаңтарда нақты айта аламын.

 

 

 

- Сіздің және ресми бағалаудың арасындағы айырмашылық қандай болуы мүмкін?

 

 

- 500 мың тонна да миллион тонна да болуы мүмкін.

 

 

- Енді мына мәселе туралы айтайық:құрғақшылықтан 1,1 млн гаегіс алқаптары зардап шекті – бұл ауыл шаруашылығы министрлігінің берген бағасы. 1,5 млн. га – Қазақстан фермерлері одағының бағасы. Егіс алқаптарының көлемі бойынша сіздің мәліметтеріңіз неге ресми мәліметтерден өзгеше?

 

 

 - Біріншіден, біз сақтандыру жағдайлары бойынша аудандарды аралаған кезде сандардың айырмашылығы байқалды. Біз сол жерге келіп, басқа жағдайды көрдік, мысалы, бір ауданда 50 мың гектар алқапта сақтандыру оқиғасы болған. Ал сол сәтте есепте небәрі 5-10 мың гектар деп көрсетілген. Айырмашылықтар туралы сұрақты ауыл шаруашылығы министрлігіне қою керек. Бастапқыда, АШМ зардап шеккен егіс алқаптарының ауданын 750 мың га деп бағалады. Біз 1,5 млн гадедік. Кейін олар өз мәліметтерін 1,1 млн гадеп түзетті. Әкімдіктер өнімді қосып жазуға мәжбүрлеген аудандарда құрғақшылықтан зардап шеккен алқаптар аз шығар. Біздің берген бағамыз бен АШМбағасының арасындағы айырмашылық – 400 мың га есепте анықталады деп ойлаймын.

 

 

- 2010 жылы да құрғақшылық болғаны есімізде. Ол кездегі жағдайдың қазіргі жағдайдан айырмашылығы неде?

 

 

 - 2010 жылғы жағдайды қазіргімен салыстыруға болмайды. 2009 жылы астық жақсы болды, фермерлерде бидай қоры болды. Екіншіден, фермерлер несие алып, мүліктерін кепілге қойды. 2011 жылы да астық бітік шықты, бірақ бағасы нашар болды. Соған қарамастан, фермерлер шығындарын жауып, 2012 жылға өтті. Биыл мүлік кепілге салынды, несие алынды, енді есеп айырысу керек. Бірақ немен? Мәселе сонда. Келесі жылы фермерлердің  20%  банкротқа ұшырайды, егін екпейді. Олардың қарыздары болса, мүліктері де қамауда деген сөз. Осының бәрі әлеуметтік салдарға алып келуі мүмкін.

 

 

- Сіз қандай фермерлерді айтып отырсыз?

 

 

 - Бұл егіс алқаптары орташа алғанда 10 мың гектарға дейін баратын фермерлер. Орташа фермерлер. Бірақ егіс алқаптарына қарамастан ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілердің көбі осындай жағдайда. Біздің (фермерлердің - ҚазТАГ) қарыздарымызды ұзартпаса, қаржы бөлінбесе, банкрот боламыз.

 

 

- Ал 2020 жылға дейін агроөнеркәсіп кешенін (АӨК) дамыту бағдарламасында қарастырылған ұзын несиелер қайда?

 

 

 - Ол болашақта ғой, ал мен бүгінгі ахуалымыз туралы айтып отырмын. Иә, онда мемлекет ауыл шаруашылығына Т300 млрд бөледі деп жазылған. Бірақ бұл істе ашықтық керек, өйткені миллиардтаған теңге бөлініп, құрдымға кеткен, ал фермерлердің қалтасы тесік күйі қалған жағдайлар болған.

 

 

- «Агробизнес-2020» жаңа бағдарламасы мен фермерлерді қолдау құралдары туралы не ойлайсыз?

 

 

- Бәрінің ойы бірдей – бағдарлама керек. Бағдарлама несімен ұнайды? Мемлекеттен ірі көлемде қаржы сұралып отырғанымен. Бұрын өнімділікті, мал басын, өнімді көбейтуге назар аударылса, бүгінгі күні ең алдымен, қаржы бөліп, содан кейін қалғанын дамыту керек деген мәселе тұр. Бағдарламаның артықшылығы осында. Бағдарламаның барлық жерде талқыланып жатқаны да ұнайды. Кулуарда қабылдады, бітті емес. Төменгі сатыларда талқыланып жатыр! (Мемлекеттік бағдарламаны қабылдауды - ҚазТАГ) екі айғакейінге қалдырғаны да сондықтан. Біздің ойымызша, олқылықтарыбар. Бағдарламада көп жағдай жай декларацияланған. Нақтылауды қажет ететін жақтары бар.

 

 

- Биыл астық сақтаумен қиындықтар туындай ма, қалай ойлайсыз?

 

 

- Бүгінгі күні әзірге ешқандай белгілері жоқ. Жалғыз хабар Солтүстік Қазақстан облысынан келді. Олжақта мәселені Азық-түлік келісімшарт корпорациясына сілтемелеген, олар мәселені бақылауға алып, шешкен шығар деп ойлаймын.

 

 

- Фермерлер одағы ауыл шаруашылық малдары үшін азықтың құны туралы ойланды ма? Мынадай дерек келтірейін: ауылда шөп бағасы бір тіркеме үшін 35-40 мың теңге деңгейінде қалыптасты. Мұндай баға қайдан алынды, шын мәнінде ауылдағы өмір сүру деңгейі төмен ғой?

 

 

- Бағасы шығынға байланысты қалыптасады. 1 тонна шөп алу үшін жалақы төлеу керек, ЖЖМ, техника шығындары бар.

Сосын, дәнді дақыл өнімділігі гектарынан 10 центнерден айналса, шығын ақталатын еді, бірақ гектарынан 2-3 центнерден алатын болсақ… Үкімет егістіктердің 1,1 млн гакүйіп кеткенін мойындады. Ал шаруашылықтарға көрсетілген көмегі жоқ.

Иә, мал шаруашылығына малазықтарын субсидиялауда көмек көрсетілді. Бірақ зардап шеккен егіс алқаптарына да тұқым қажет қой. Бұл сұраққа жауап жоқ. Орташа алғанда 1 гектарға 100 кг тұқым қажет. Демек, (биыл құрғақшылықтан зардап шеккен алқаптарға егін егу үшін - ҚазТАГ) 100 мың тонна тұқым керек. 25 мың тоннасы әзірленді, тағы 25 мыңы жоспарланған. Бірақ тұқыммен қамтамасыз еткеннің өзінде, егін егуге көмек керек. Меніңше, үкімет резервінен гектарына 4-5мыңнан бөлу керек. Ресейде  мысалы, 1,5 мың рубльден бөлді.

 

 

- Шөп, мал азығының бағасын реттейтін тетіктер бар ма?

 

 

 - Мал шаруашылығына қажет мал азығы мәселесі шешілмеген, мәселе сонда. Мал шаруашылығын дамытуды мал азығының өндірісін дамытудан бастау керек. Назар аударып, мал өсірумен айналысатын адамнан: «Не қажет?»деп сұрау керек.Бірақ АШМ сұрамайды, олар: «Кел де, несие ал, мал сатып ал» дейді.

Мысалы, менде ғимарат пен жайылым бар, мен «Сыбаға» бағдарламасымен айналыса алатын едім, бірақ жалғыз шартым – маған 2-3 жылға емес, маған ұзын несиелер керек. Мүлкім түгел кепілге салынды. Көптеген фермерлердің жағдайы осындай. Сондықтан, мал азығы базасы бар ма деп сұрау керек?  Азық мәселесі мемлекеттік деңгейде шешілмесе, фермерге мал шаруашылығын дамытудың керегі бар ма?

 

 

- «Сыбаға» бағдарламасы туралы айтқан соң, ол туралы пікіріңізді білгіміз келеді. ЖақындаАШМ өкілі үкіметте есеп беру барысында мал сатып алу бойынша 2 облыс қана артта қалғанын, басқаларының көрсеткіштері жақсы екенін айтты.

 

 

- «Сыбаға» бағдарламасы жаман емес, бірақ онда да олқылықтар бар. Шынын айтатын болсақ, сандарын қараған жоқпын. Бірақ облыстардың көбінде бағдарлама орындалмай жатыр. 2-3 облыс жоспарды 2-3есе асырып орындауда. Сол себепті жалпы көрсеткіштер жақсы көрінеді.

Бірақ бүгін «Сыбағаның» қарқыны бәсеңдеді. Қаржы толық игерілмей жатыр. Менің шаруашылығым орташадан жоғары. 2 мың га, диірмен, малым бар. «Сыбағаға» қатысуға ниетім бар. Неліктен сиыр сатып алмасқа? Бірақ қаржы жетпейді. 10 бас сиыр сатып алу керек. Олардың бағасы Т100 мыңнан. Миллионды қайдан аламын?

Сондай-ақ, айналым қаржысы мен кадрлар қажет. Жарайды, маған қаржы берді делік, кадрлар керек. Ауылда сиыр бағатын адам жоқ. Менің 40 жылқым, 50-60 сиырым, 300 қойым бар. Сәуірде малды 20 км жердегі далаға шығарамын, ол жерде шөп, су бар, бірақ вагон мен жарық жоқ. Біз вагон мен бақташыны табамыз. Ол бір апта ішеді, 2 апта жұмыс істейді. Басқа амалымыз жоқ. Ол өз ісін біледі. Бұрын мал баққан, сондықтан ұстап отырмыз. Ол жылқының ер-тұрманын, жүгенін шешіп, аяғына тұсау салып, жайылуға жібереді. Мал жайылып жүр, бақташы 200 метр жерде жатып, кітап оқиды.

Бірақ ауылдағы адамдар да мал бағуды ұмытып барады! Бір рет 20 жасар жігітті жұмысқа алдым. Жас, күші көп. Бір аптадан кейін келсем: аты әрең жүр, арқасы қанаған. Сөйтсек, ол малды жайылуға жіберіп, өз көлеңкеде жатады екен. Атын байлап қойып, босатпайды. Сиырлар алыстап кетсе, атына отырып, қайтарып алып келеді. Атын байлап, қайтадан көлеңкеге жатады…

 

 

- Сақтандыру төлемдеріне келетін болсақ: былтыр өзара сақтандыру қоғамы сізді сол төлемдер бойынша кешіктіріп жатыр деп сынға алды. Мәселе өзекті ме?

 

 

- Иә, өзекті. Біздің өзара сақтандыру қоғамының (ӨСҚ) 1 млн гектардан астам жері бар. Жағдай қиын, бірақ біз тығырықтан шығудың амалдарын қарастырып жатырмыз. Фермерлермен сөйлесеміз. Бізбен соттасудан пайда бар ма? Қарызды келесі жылға ауыстырса, бәрі төленеді. Ондай тәжірибеміз бар. 2010 жылғы төлемдерді 2011 жылға ауыстырдық, бәрімен есеп айырыстық, тауар өндірушілер маған сенеді. Қазір олар маған келсе де, мен оларға мүмкіндік жоқ екенін айтамын да, келесі жылға ауыстырамыз. Бәрі бірдей келісе бермейді, бірақ қазір Т20-30 млн 2013 жылға қалдырылды. Бұдан басқа, сақтандыру жағдайлары болмағандардан 4-5 айға заем сұраймыз. Біз жағдайдан сол қаржының арқасында шығып отырмыз.

 

 

- Бәрімен есеп айырыстыңыз бар?

 

 

- 2010 жылдағы сақтандыру жағдайларының барлығы бойынша есеп айырыстық. Сізді осындай жауап қанағаттандыра ма?

Жалпы сомасы Т10 млн болатын 3-4 сот процесі болды. Біз барлығы Т225-230 млн төледік. Енді 2012 жыл үшін заң бойынша егін орағынан кейін 3 ай өткен соң төлем жасймыз деп жарияладық. Мәселе туындамайды деп сенемін. Бірақ наразылық білдірушілер де болады …

 

 

- Сұхбатыңызға рахмет!


adimage