Қазақстан Грузиямен екіжақты байланыстарды нығайтпақшы – Назарбаев

Астана. 12 қараша. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Н. Назарбаев Грузия премьер-министрі Ираклий Гарибашвилиді қабылдады, деп хабарлады президент баспасөз қызметінен.
Сәрсенбі күні Ақорданың ресми сайтында жарияланған хабарда айтылғандай,  кездесу барысында сауда-экономика, инвестиция және энергетика салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен келешегі талқыланды.  
Мемлекет басшысы елдеріміз арасындағы қарым-қатынас өзара тиімді дәстүрлі серіктестіктің негізінде дамып келе жатқанын айтты.
«Қазақстан Грузиямен әрдайым жақсы қатынаста болды. Біздің екіжақты байланыстарымыз тәуелсіздік жылдары қарқынды дамыды. Біз Грузиямен ынтымақтастықты барлық бағытта, саясатта да, экономикада да бұдан әрі нығайта беруге дайынбыз», – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Өз кезегінде Грузия Премьер-Министрі Қазақстанға екі елдің өзара ықпалдастығын арттыру және кеңейту үшін келгенін айтты.
«Бұл менің Сіздің елге Премьер-Министр ретінде келген алғашқы ресми сапарым. Қазақстан бізге дос әрі өте жақын мемлекет болып саналады. Қазақстанға, оның халқына біздің елде әрдайым айрықша ілтипатпен қарайды. Мен экономикалық, саяси және сауда қарым-қатынастарымыз алдағы уақытта да тереңдей береді деп үміттенемін», – деді И.Гарибашвили.

adimage