Қазақстан ІІМ ТЖК басшысының орынбасары Астанадағы қайғылы жағдайдан кейін қызметінен босатылды

Күні: 19:39, 12-02-2019.

Астана. 12 ақпан. ҚазТАГ – Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитеті (ТЖК) төрағасының орынбасары Барат Дұзақбаев Астанадағы қайғылы жағдайдан кейін қызметінен босатылды, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Дұзақбаев Барат Оспанұлы төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары қызметінен босатылсын, ол ұзақ уақыт бойы Астана қаласы бойынша төтенше жағдайлар департаментін басқарған. Елордалық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы міндетін атқарушы Аманбаев Марғұланға қатаң сөгіс жариялансын, ол да ұзақ уақыт бойы елордалық департамент бастығының орынбасары қызметін атқарған болатын», - деді сейсенбідегі үкімет отырысында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев.
Сонымен қатар, ол ішкі істер вице-министрі Юрий Ильинді жауапқа тарту туралы мәселені президент әкімшілігінің қарауына енгізуді тапсырды.
«Өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өрт қауіпсіздігі профилактикасы бойынша жұмысты дұрыс орындамағаны, бақылаудың әлсіздігі үшін ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильинге сөгіс жариялау мәселесін президент әкімшілігінің қарауына енгізу, себебі ол мемлекет басшысының жарлығымен тағайындалған. Қатаң сөгіс – төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Беккер Владимирге жариялансын», - деді министрлер кабинетінің басшысы.
Оның айтуынша, өртке қарсы және су тасқынына қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласына ерекше назар аудару керек.
«Соған байланысты жылыту маусымы аяқталғанға дейін ІІМ мен барлық әкімдерге өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін бақылауда ұстау қажет, профилактикалық жұмыстарды жалғастыру керек. Әсіресе көп балалы және аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, зейнеткерлер тұратын үйлерге ерекше назар аудару керек», - деп атап өтті үкімет басшысы.
Ол су тасқыны жағдайына да ерекше тоқталды.
«Кейбір өзендер бассейндеріндегі ылғал көлемі нормадан жоғары, қардың жиналуы да жалғасуда. Болжамдардан көріп отырғанымыздай, ақпанның үшінші тоқсанында ауа температурасының жылынуы күтілуде, біз соған дайын болуымыз керек. Әкімдіктер бірінші кезекте су тасқыны қауіптерінің алдын алу және жою жөніндегі жол картасының сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етсін, үйлестіру – ІІМ-не жүктеледі», - деді премьер.
Ол сондай-ақ, иесіз гидротехникалық құрылғыларды коммуналдық меншікке беру жұмыстарын аяқтауды тапсырды.
«Су қорғау аймақтары мен жолдарында орналасқан адамдар мен нысандарды көшіруді аяқтау. ІІМ әкімдермен бірге алдағы су тасқыны кезеңіне күштер мен құралдарының толық дайындығын қамтамасыз ету. Және жедел әрекет ету бойынша қажетті шараларды қабылдау. Мамин (Асқар, премьер-министрдің бірінші орынбасары – ҚазТАГ) бақылайды», - деп түйіндеді сөзін Б. Сағынтаев.
Еске салсақ, Астанада 4 ақпанға қараған түні Сарыарқа ауданы Шығыстау көшесі бойындағы жеке тұрғын үйдің ауласында бөлек орналасқан уақытша жайдан өрт шыққан. Өртті сөндіру барысында бес баланың мәйіті табылған: 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туылған. Құтқарушылар нақтылағандай, ата-аналар ол кезде жұмыста болған.
Қоғам өкілдерінің пікірінше, егер елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай түнгі ауысымдағы жұмысқа бару үшін балаларын қараусыз қалдыруға тура келмейтіндей жағдай жасаса ғана қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді.
Осы жағдайдан кейін соңғы бірнеше күн бойы көп балалы аналар аталмыш проблемаларға қатысты қоғамдық жиналыстар өткізуді бастады. Осындай жиналыстардың бірқатары Астанада өтті, алайда, куәгерлердің айтуынша, күш құрылымдары оның өткізілуіне кедергі келтіруде, бұл қоғам тарапынан қосымша сынға ілігуге себеп болды. Наразылық білдіруші аналарға эстрада жұлдыздары араша түсті. Оның ішінде белгілі қазақстандық әнші Сәкен Майғазиев те бар.


Жаңалықтармен бөлісу: