Астана. 11 ақпан. ҚазТАГ – Қазақстан халқының санағы 2020 жылы 5 ақпан мен 5 наурыз аралығында өтеді, деп хабарлады Қазақстан ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінен.
Бұған дейін хабарланғандай, халық санағын 2019 жылдың 16 қазаны мен 14 қарашасы аралығында өткізу және оны өткізуге республикалық бюджеттен Т8,8 млрд бөлу жоспарланған.
«Халықтық санақты өткізуге және оның дайындығына қатысты ұйымдастырушылық және басқарушылық қағидаларын ескере отырып, Қазақстан республикасы халқының халықтық санағын 2020 жылдың басында өткізу жоспарланды», - делінген комитет хабарында.
Статистика комитетінен нақтылағандай, халық санағын өткізу 5 ақпан мен 5 наурыз аралығына жоспарланған.
Алдыңғы халық санағы он жыл бұрын 2009 жылы өткізіліп, даумен аяқталған болатын. Сол кездегі Статистика агенттігінің басшысы Мешімбаева Анарға Қазақстан Республикасы халқының санағын жүргізуге бөлінген 700 миллион теңге көлеміндегі бюджет қаржысын жымқырған деген айып тағылды. Айып Статистика агенттігінің басшысына тағылды, алайда ақшаны халық санағы өткізілгеннен кейін қосалқы мердігер компания қолма-қол ақшаға айналдырған. 2009 жылдың қарашасында А.Мешімбаеваға халықаралық іздеу жарияланды. 2013 жылдың қыркүйегінде Ресейден Қазақстанға экстрадицияланды. 2014 жылдың 14 ақпанында Есіл аудандық сотының шешімімен жеке мүлкі тәркілене отырып, 5 жылға мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылып, 7 жылға жалпы режимдегі абақтыда жазасын өтеу үкімі кесілген еді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы статистика агенттігінің 500 миллион теңгеден астам шығынды өндіру туралы талап арызы қанағаттандырылды. 2015 жылы мемлекет басшысының рақымшылық туралы жарлығымен Анар Мешімбаеваның жазасын өтеу мерзімі екі жылға қысқартылды. Ол 2018 жылдың 5 ақпанында бостандыққа шықты.
Қазақстан халқының жаппай санағы қашан өтетіні белгілі болды
