Қазақстан Үкіметінің жаңа мүшелері ант қабылдады

Күні: 11:41, 26-02-2019.

Астана. 26 ақпан. ҚазТАГ – Қазақстан үкіметінің жаңа мүшелері ант қабылдады, деп хабарлады агенттік тілшісі.
Қазақстан үкіметінде премьер-министр Асқар Маминнің басшылығымен жаңа құрамдағы министрлер кабинетінің бірінші отырысы өтті. Министрлер кабинетінің барлық мүшелері Қазақстан игілігі үшін қызмет етуге уәде беріп, ант қабылдады.
Еске салсақ, 25 ақпанда президент Нұрсұлтан Назарбаев мәжіліс пен сенаттың бірқатар келісімдерінен кейін Мамин бастаған үкіметтің жаңа құрамын бекітті.
Мемлекет басшысы келесі құрамды бекітті: Смаилов Әлихан Асханұлы – ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары-ҚР қаржы министрі; Қасымбек Жеңіс Махмұдұлы – ҚР премьер-министрінің орынбасары; Атамқұлов Бейбіт Бәкірұлы – ҚР сыртқы істер министрі; Ермекбаев Нұрлан Байұзақұлы – ҚР қорғаныс министрі; Тұрғұмбаев Ерлан Заманбекұлы – ҚР ішкі істер министрі; Абаев Дәурен Әскербекұлы – ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі; Бекетаев Марат Бақытжанұлы – ҚР әділет министрі; Біртанов Елжан Амантайұлы– ҚР денсаулық министрі; Мұхамедиұлы Арыстанбек – ҚР мәдениет және спорт министрі; Жұмағалиев Асқар Қуанышұлы – ҚР цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі; Бозымбаев Қанат Алдабергенұлы – ҚР энергетика министрі болып тағайындалды.
Оның алдында 21 ақпанда Назарбаев министрлер кабинетін отставкаға жіберу туралы мәлімдеді.
«Жүйелі жұмыс жүргізілмеді. Тұрғындардың нақты табысы өспеді. Отбасылардың бюджетінде азық-түлікке деген шығын көлемі арта түсті. Атқарушы органдардың салғырттығынан әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындардың бір бөлігі атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылмаған. Оның үстіне Үкімет мүшелері, министрлер, әкімдер халықпен жұмыс істей алмады, сондай-ақ жұртшылықтың проблемаларына құлақ асып, атқарылып жатқан істер мен саясатты түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шамасы келмеді», - деп түсіндірді министрлер кабинетін отставкаға жіберу туралы шешімін Н.Назарбаев.
Бұған дейін ҚазТАГ ХАА президент Н.Назарбаев үкіметті отставкаға жіберу туралы шешімін қоғамдағы әлеуметтік шиеленіс негізінде қабылдағанын атап өткен болатын.


Жаңалықтармен бөлісу: