Қазақстан конфессияаралық диалогты дамыту ісіне өз үлесін қосуда - Назарбаев

Күні: 17:36, 10-10-2018.

Астана. 10 қазан. ҚазТАГ - Қазақстан конфессияаралық диалогты дамыту ісіне өз үлесін қосуда, деп мәлім етті Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.  
«Қазақстан көпконфессиялы мемлекет ретінде конфессияаралық диалогты дамыту ісіне өз үлесін қосуда. Бұл Өзіңіз өкілдік ететін ұйымның мақсаттарына сай келеді», - деді   Н. Назарбаев сәрсенбі күні Біріккен Ұлттар Ұйымы Өркениеттер альянсының Жоғары өкілі Насир Абдуләзиз әл-Насермен кездесуде.  
Мемлекет басшысы съезге қатысқаны үшін Насир Абдуләзиз әл-Насерге ризашылық білдіріп, Өркениеттер альянсы Қазақстанның осы бастамасына тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті..
Өз кезегінде, Өркениеттер альянсының Жоғары өкілі форумға қатысуға мүмкіндік берілгені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, Қазақстанның әлемдегі мәдениеттер арасындағы өзара түсіністікті дамыту ісіндегі рөлі айрықша екенін атап өтті.
«Мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне үшінші рет қатысып отырмын. Бұған дейін мен ешқашан осыншама дін өкілдерімен кездескен емеспін. Елдеріңіздің өркениетаралық диалогты дамыту жолындағы күш-жігерін жоғары бағалаймын», - деді альянстың жоғары өкілі.  
Хабарда нақтыланғандай, кездесу барысында Қазақстан Президенті халықтар арасындағы бейбітшілікті, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға және қоғамдағы өзара келісімді сақтауға қосқан үлесі үшін Насир Абдуләзиз әл-Насерді ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Еске салсақ, 10 қазанда Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі басталды.
Съезд жұмысы дін көшбасшылары кеңесінің отырысынан басталды.
Екінші күні - 11 қазанға секциялық отырыстар жоспарланған.
Съезд жұмысына ислам, православие, католицизм, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, синтоизм, зороастризм секілді басты конфессиялардың рухани көшбасшыларын, сондай-ақ діни және қоғамдық ұйымдар өкілдерін қоса алғанда 80-нен астам делегация қатысуда. Сонымен қатар, пікір-таласқа саяси қайраткерлер, соның ішінде ЕҚЫҰ бас хатшысы Томас Гремингер, Өркениеттер альянсы жоғары өкілі Насир Абдулазиз аль-Насер, «Діндер бейбітшілік үшін» бүкіләлемдік конференцияның бас хатшысы Уильям Вендл және Астанада ресми сапарымен жүрген Сербия президенті Александр Вучич қатысады.


Жаңалықтармен бөлісу: