Қазақстан Ливанға баратын екінші бітімгершіл ротаны әзірлеп жатыр

Күні: 15:41, 08-02-2019.

Астана. 8 ақпан. ҚазТАГ – Қазақстан Ливанға баратын екінші бітімгершіл ротаны әзірлеп жатыр, деп хабарлады Қазақстанның қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Қазіргі уақытта Ливан Республикасында бітімгершілік миссияны орындау үшін 120 адам санындағы әскери қызметшіден құралған екінші бітімгершілік ротаның қарқынды дайындығы өтіп жатқанын айта кетейік. Сабақтарды бітімгершілік қызметте тәжірибелері бар бітімгершілік дайындық бойынша мамандар, офицерлер мен сержанттар өткізуде. Сабақтардың теориялық бөлімі БҰҰ-ның жалпы ережелері мен құрылымын, Ливандағы бітімгершілік миссияның ерекшеліктерін зерделеуді қамтиды. Іс жүзінде бітімгершілер блок бекеттерде, бақылау-өткізу пункттерінде қызметтің ұйымдастырылу машықтарын жетілдіруде, патрульдеуді жүзеге асыруда», - делінген жұмадағы хабарда.
Хабарда айтылғандай, «Іле» полигонына бару барысында әскери ведомство басшысы Нұрлан Ермекбаевқа екінші құрама бітімгершілік рота әскери қызметшілерінің дайындық деңгейлері мен жауынгерлік мүмкіндіктерін паш етті. Сапар барысында Қорғаныс министрі бітімгершілік рота жабдықталған оқу-материалдық база мен әскери техниканы қарап шықты.
«Бүгінде қызметтестеріңіз Ливан Республикасында бітімгершілік миссияларын лайықты түрде орындауда. Бұл мемлекеттік маңызды іс. Себебі, әлем қоғамдастығы алдында Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерді орындауы болып табылады. (...) Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігі олардың таңсық физикалық-географиялық жағдайларда күрделі әскери-саяси жағдай орын алған аудандарда қызмет өткеруде пайдалы практикалық тәжірибе жинақтаулары мақсатында Қазақстан әскери қызметшілерінің шетелдегі бітімгершілік миссияларға қатысуларын кеңейту жөнінде белсенді жұмыс жүргізуде. Осыған орай, «Іле» полигонында бітімгершілік дайындықтан өткен Қазақстан Қарулы Күштері әскери қызметшілерінің санын ұлғайту жоспарлануда», - деп атап өтті Н.Ермекбаев бітімгерші әскери қызметкерлермен кездесу барысында.
Сондай-ақ сапар барысында Алматы гарнизондарының әскери бөлімдері тексерілді.
Еске салсақ, Қорғаныс күштері тарихында ҚР бітімгершіл контингтенті Ливандағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау бойынша БҰҰ миссиясына алғаш рет қатысуда. Үнділік әріптестермен бірге бітімгершіл рота қалыптастыру аясында қажетті дайындық жұмыстары жүргізілді.
2018 жылдың қазан айының соңында Ливан Республикасына «Ливандағы БҰҰ уақытша күштері» миссиясына қатысу үшін «Индбат» үнділік батальон құрамында қазақстандық бітімгершіл полктың қосынды бітімгершіл ротасының 120 әскери қызметкері жіберілді.
БҰҰ мандатына сәйкес, Ливандағы қазақстандық бітімгершіл бөлімше жергілікті аймақты бақылау, бақылаушы бекеттерді ұйымдастыру, атыстың тоқтатылуының сақталуын бақылау міндеттерін атқарады.


Жаңалықтармен бөлісу: