Астана. 21 қаңтар. ҚазТАГ – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті ғылыми жобаларды жүзеге асыруға Т1,3 млрд астам қаржы алады, деп хабарлады қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Алғаш рет Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті «Ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс» ғылыми басымдық бойынша 2018-2020 жылдарға арналған гранттық және бағдарламалық-мақсаттық қаржыландыру байқауына қатысты. Байқау қорытындысы бойынша университет үшін үш жылға 1 339 млн. теңгеге 16 ғылыми жоба мен ғылыми-техникалық бағдарламалар мақұлданды», - деп хабарлады дүйсенбіде қорғаныс министрлігінен.
Ведомствода нақтылағандай, әскери ғылымды дамыту бойынша Мемлекет басшысының талаптарын орындау үшін Қорғаныс министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе «Ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс» ғылымды дамытудың жаңа басымдық бағыттарын және оған сай келетін Ұлттық ғылыми кеңесті ашу жөнінде жұмыс жүргізді.
«2017 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті "Ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс" ғылымды дамытудың басымдық бағыттары бойынша 2018-2020 жылдарға арналған гранттық және бағдарламалық-мақсатты қаржыландыруға байқау жариялады. Оның қорытындысы бойынша Ұлттық қорғаныс университеті 13 ғылыми жоба мен 3 ғылыми-техникалық бағдарламаны іске асыруға кірісті», - деп түсіндірді қорғаныс министрлігінен.
Хабарда атап өтілгендей, көрсетілген ғылыми жобалар мен бағдарламалар шеңберінде Ұлттық қорғаныс университеті жеке меншік барлау ҰҰА, арнайы геоақпараттық платформаны әзірлеуді жүзеге асырады және ҚР Қарулы Күштері үшін анағұрлым сұранысқа ие іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізеді.
«Одан басқа, Ұлттық қорғаныс университетінде алғаш рет мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер қатарынан әскери-ғылыми взвод құрылды. Оның мамандары қазіргі уақытта әскери оқу орындарының оқу процесін автоматтандыру бойынша бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеуде. Бүгінгі күні Қорғаныс министрлігінде ведомствоны басқарудың барлық деңгейлерін қамтитын әскери ғылымды дамытудың жаңартылған моделі құрылғанын және жетілдіріліп жатқанын айта кету қажет», - делінген хабарда.
Қазақстан Ұлттық қорғаныс университеті ғылыми жобаларды жүзеге асыруға Т1,3 млрд астам қаржы алады
