Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы $20 млрд дейін өсуі мүмкін

Күні: 18:54, 29-10-2018.

Астана. 29 қазан. ҚазТАГ – Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы $20 млрд дейін өсуі мүмкін, деп хабарлады ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметінен.  
«2017 жылы ҚР мен РФ арасындағы өзара сауда-саттықтың едәуір ұлғайғаны байқалды, бұл көрсеткіш 34,1%-ға өсіп, $17,5 млрд-қа жетті. Өзара сауда көрсеткіштерінің оң серпіні сауда айналымын $20 млрд-қа жеткізуге мүмкіндік беріп отыр», - деп хабарлады Қазан қаласында өткен Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның XX отырысының қорытындысы бойынша үкіметтен.  
Қазақстан тарапынан тең төраға — ҚР Бірінші Вице-Премьері Асқар Мамин болса, ресейлік тараптан Үкімет Төрағасының Бірінші орынбасары Антон Силуанов қатысты.
«Ресей Қазақстанның негізгі инвестициялық серіктестерінің бірі, соңғы 12 жыл (2005–2017 жж.) ішінде инвестициялар ағымы $12 млрд құрады. РФ-тен ҚР-ға тікелей инвестициялар ағымы 2018 жылдың І жарты жылдығында өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге — $821 млн дейін артты. Жалпы сомасы $3,6 млрд болатын, 12 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 50 инвестициялық жоба қарқынды іске асырылып жатыр», - делінген хабарда.
ҮАК отырысының барысында Қазақстан мен Ресейдің екіжақты өзара ынтымақтастығының басты бағыттарының бірі аймақаралық және шекара маңы ынтымақтастығы болып табылатыны атап өтілді.


Жаңалықтармен бөлісу: