Алматы. 28 наурыз. ҚазТАГ – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясы Президентінің көмекшісі Андрей Фурсенконы қабылдады, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысы екі елдің ұзақ мерзімді ұлттық мүдделерін қамтамасыз ету ісіндегі Қазақстан мен Ресей әріптестігінің және одақтастығының маңыздылығын атап өтті.
«Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы қатынастардың басқаларға үлгі саналатынын әрдайым айтады. Сондықтан, Мемлекет басшысы ретіндегі менің міндетім екі ел көшбасшылары – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Владимир Владимирович Путин негізін қалаған екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қосымша серпін беру болып саналады» - деп атап өтті Тоқаев.
Ресей Федерациясына баратын алдағы ресми сапарына байланысты Мемлекет басшысы жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында білім беру және ғылым саласының өзекті мәселелері талқыланатынын айтты.
Өз кезегінде А.Фурсенко Қасым-Жомарт Тоқаевқа өзінің Қазақстанға сапары барысында өткізген кездесулері жөнінде мәлімет берді.
«Біз сындарлы әрі келелі келіссөздер жүргіздік, Ұлттық биотехнология орталығына, Назарбаев Университетіне, Парламент Сенатына бардық. Бүгінде елдеріміз арасында ғылым саласындағы ынтымақтастық мейлінше табысты жүзеге асырылуда. Бұл бағытта ортақ басымдықтар мен дамытуға қажетті әлеуетіміз бар», - деді Фурсенко.
Қазақстан мен Ресейдің екіжақты ынтымақтастығын дамытуға қосымша серпін беру керек - Тоқаев
