Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыруға Т70 млн жұмсалды

Күні: 14:47, 17-10-2014.

Астана. 17 қазан. КазТАГ - Бауыржан Мұқанов. Қазақстан мен Ресейдің шекара маңы ынтымақтастығының форумын ұйымдастыруға шамамен Т70 млн  жұмсалды, деп мәлім етті Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов.
«Форумды ұйымдастыруға біз 70 млн теңге жұмсадық. Олар тек ұйымдастырушылық жұмыстарға ғана кетті», - деді Б. Ізмұхамбетов жұмадағы брифингте.
Ол неке қию үйінің облыс орталығында арнайы ғимараттың болмауы салдарынан форум өткізетін алаңға айналғанын айтты.
«Көрме орталығына келер болсақ, ол ғимаратты біз ӘКҚ (әлеуметтік-кәсіпкерлік қауымдастық - ҚазТАГ) қылып өзгерттік, ол түрлі шараларды өткізу үшін қолданылатын болады», - деп атап өтті әкім.
Бұған дейін  Б. Ізмұхамбетов Қазақстан мен Ресей президенттерінің кездесуі үшін екі елдің өңіраралық форумы аясында Атырауда жаңа ғимарат салу керектігін атап өтті.  
«Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы жақындап келеді. Ол биыл күзде Атырауда өтеді. Бізде осы шараға дайындық бойынша республикалық комиссия жұмыс жасап жатыр, ал олар болса осындай деңгейдегі кездесуді өткізетін ғимарат таппай отыр», - деді  Б. Ізмұхамбетов.
Одан басқа өңірге форум аясында көрме өткізетін көрме залының құрылысы да қажет болатын. Оның құрылысы үшін жергілікті билік үкіметтен Т1 млрд сұраған.  
Әкім түсіндіріп өткендей, жоғары деңгейдегі президенттердің кездесуіне арналған ғимарат форум өткеннен кейін де бос тұрмайды. Оны неке қию сарайы ретінде пайдалану жоспарлануда.  
Еске салсақ,  Атырауда қыркүйек айында  Қазақстан мен Ресей президенттерінің қатысуымен «Көмірсутектері саласындағы инновациялар» тақырыбындағы  өңіраралық ынтымақтастықтың XI форумы өтті.


Жаңалықтармен бөлісу: