Қазақстан мен Венгрия сауда, ауыл шаруашылығы және энергетика секілді бірқатар салалардағы ынтымақтастықты күшейтуге келісті

Алматы. 26 қараша. ҚазТАГ - Қазақстан мен Венгрия сауда, ауыл шаруашылығы және энергетика секілді бірқатар салалардағы ынтымақтастықты күшейтуге келісті, деп хабарлады ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметінен.  
«Диалог барысында тараптар қазақстандық-венгерлік экономикалық ынтымақтастықтағы өзара іс-қимылды дамытудың ағымдағы ахуалы мен болашағын талқылап, сауда және инвестиция, қаржы, ауыл шаруашылығы, туризм, білім беру, энергетика, мәдениет және басқа да бірқатар салалардағы ынтымақтастықты күшейтуге келісті. Уағдаластықтар қатарында ядролық энергетика саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобын құру да бар. Оның ішінде, екі ел бейбіт ядролық зерттеулер, ядролық технология, радиациялық қорғаныс, сондай-ақ аталған салалардағы оқу мен тәжірибе алмасу салаларында ынтымақтастық құруға ниетті. Атом энергиясы жөніндегі жұмыс тобының келесі отырысы Астана қаласында өткізіледі», - делінген дүйсенбіде экономикалық ынтымақтастық туралы қазақстандық-венгерлік үкіметаралық комиссияның алтыншы отырысының қорытындысы бойынша таратылған хабарда.  
Бұл ретте атап өтілгендей, атом энергетикасы бойынша жұмыс тобының келесі отырысы Астанада өтеді.  
Қазақстан мен Венгрия оның ішінде, біздің еліміздегі экспортқа бағдарланған қазіргі мүмкіндіктер туралы ақпаратпен алмасып, Қазақстан өнім өндірушілерінің 2019 жылғы Венгриядағы сауда миссиясын ұйымдастыру жөнінде өзара келісті.
«Венгерлік тарап Астанадағы халықаралық қаржы орталығын іске қосу Қазақстанның аймақтағы орнының нығаюына ықпал ететінін, сондай-ақ венгерлік қаржы институттары тарапынан Қазақстанға қызығушылықтың пайда болуына жәрдемдесетінін атап көрсетті», - делінген хабарда.  
Бұдан басқа, Қазақстан өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықты жинау мен ұқсатудың венгерлік технологиясын қолдану мүмкіндігін қарауға дайын екендігін мәлімдеді.  
Тараптар сондай-ақ Венгрия мен Қазақстан Республикасының арасындағы су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастықты нақты бизнес-жобалар мен шешімдер қолдану арқылы жандандыру қажеттігін мойындады. Комиссия мүшелері сондай-ақ іскерлік, медициналық, экологиялық және этнографиялық туризмді өзара ілгерілетуде бірге қызмет жасауға келісті.

adimage