Қазақстан қорғаныс министрлігінің апатқа ұшыраған тікұшағының бортындағы барлық 13 әскери мерт болды

Күні: 11:42, 28-03-2019.

Астана. 28 наурыз. ҚазТАГ – Қазақстан қорғаныс министрлігінің апатқа ұшыраған тікұшағының бортындағы барлық 13 әскери мерт болды, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.
«Әскери борышын өтеу барысында ағымдағы жылдың 27 наурызында ҚР ҚК тікұшағының апатқа ұшырауы салдарынан тікұшақ бортындағы барлық 13 әскери қызметкер мерт болды. Қазақстан Қарулы Күштерінің барлық жеке құрамы қаза тапқан әскери әріптестерінің туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Қорғаныс министрлігінің басшысы моральдық және материалдық көмек көрсету бойынша барлық шараларды қолға алатын болады», - деп хабарлады бейсенбіде ҚР ҚМ-нен.
Еске салсақ, бұған дейін белгілі болғандай, сағат 17.35-те «112» тетігіне Қызылорда облысы Жалағаш ауданында ҚР ҚК ӘҚК ӘӘК МИ-8 тікұшағының апатқа ұшырағаны туралы хабар келіп түсті. Тікұшақ белгісіз жағдайларға байланысты құлап, толығымен жанып кеткен. Тікұшақ бортында 13 экипаж мүшесі болған, олардың барлығының қайтыс болғаны жеткізілді.
Қорғаныс министрлігінде нақтыланғандай, Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, аталмыш тікұшақ 4 бірдей әскери тікұшақ құрамынан тұратын бөліммен бірге Ақтау қаласынан Шымкентке ұшып бара жатқан. Ұшу сапары арнайы бөлімшелердің «Алтын жебе» кешенді оқу және жаттығу аясында қараңғыда әрі күрделі метеорологиялық жағдайда жүргізілген.
Ведомствода атап өткендей, Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың бұйрығымен апат орнына арнайы құрылған ҚР Қорғаныс министрлігінің комиссиясы жіберілді. Қорғаныс министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, болған әуе апатының себебін анықтау мақсатында тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жағдайға президент Қасым-Жомарт Тоқаев түсінік берді. Ол марқұмдардың туыстарына материалдық көмек көрсетуге уәде берді.


Жаңалықтармен бөлісу: