Қазақстан парламенті ядролық апат кезінде ТМД елдерімен өзара іс-қимыл туралы заң қабылдады

Астана. 21 қаңтар. ҚазТАГ – Мәдина Әлімханова. Қазақстан парламентінің сенаты «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуалдың туындау жағдайына дайындықты және олардың зардаптарын жою кезіндегі өзара көмекті қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңын қабылдады.
«Осы Келісімді ратификациялау ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуал туындаған жағдайда ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасында ақпарат пен көмекті жедел ұсынуға мүмкіндік береді. Құжат ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің уәкілетті органдары арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігі мен өнімділігін арттыруға, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға байланысты кез келген ықтимал оқиғаларға уақтылы ден қоюға бағытталған», - деді бейсенбі күні сенат отырысында заң жобасын ұсынған Қазақстанның энергетика министрі Нұрлан Ноғаев.
Ол нақтылағандай, келісім ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуалдың туындау жағдайында мамандандырылған құтқару құрылымдарын, мамандарды, құрал-жабдықтарды, көлік құралдарын және осы құрылымдарды техникалық жарақтандыру үшін пайдаланылатын материалдарды трансшекаралық өткізу рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Заң бірінші оқылымда сенатта қабылданды.

adimage