Қазақстан президенті лауазымына кандидаттарды ұсыну 2019 жылдың 28 сәуіріне дейін жалғасады

Алматы. 10 сәуір. ҚазТАГ – Қазақстан президенті лауазымына кандидаттарды ұсыну 2019 жылдың 28 сәуірі сағат 18:00-ге дейін жалғасады, делінген ҚР орталық сайлау комиссиясы (ОСК) сайтында.
«Қазақстан Республикасы Президентiнiң кезектен тыс сайлауы жөніндегі іс-шараларды өткізу мерзiмдерiн Орталық сайлау комиссиясы белгiлейдi. Осы жоспарға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің лауазымына кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күннен, яғни 2019 жылғы 10 сәуірден басталып, ағымдағы жылдың 28 сәуірінде сағат 18-00-де аяқталады», - делінген сәрсенбідегі хабарда
Хабарда атап өтілгендей, президенттiкке кандидаттарды ұсыну құқығы «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 55-бабы 1-тармағына сәйкес белгiленген тәртiппен тiркелген республикалық қоғамдық бiрлестiктерге тиесілі.
«Ұсыну туралы шешім республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғарғы органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады. Кандидаттардың Конституцияда және «Сайлау туралы» Конституциялық заңда қойылатын талаптарға сәйкестiгiн анықтауды Орталық сайлау комиссиясы республикалық қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органы отырысының кандидатты ұсыну туралы хаттамасынан үзiндi көшірме кандидаттың дауысқа түсуге келiсiм беруi туралы өтiнiшiмен және кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын құжатпен бірге ұсынылған кезден бастап бес күн iшiнде жүзеге асырады», - деді ОСК.
ОСК атап өткендей, сайлау алдындағы үгіт тіркеу кезеңі аяқталғаннан кейін дереу басталады және дауыс беру күні алдындағы күнгі 00-00 сағатқа дейін, яғни 8 маусым күнгі 00-00-ге дейін жалғасады.
«Дауыс беру 9 маусымда жергілікті уақыт бойынша 07-00-ден 20-00-ге дейін болады. Дауыс беру аяқталған кезден бастап 12 сағаттан кешіктірмей сайлау учаскелерінде дауыстарды санау жүргізіледі», - делінген хабарда.
Орталық сайлау комиссиясының сайлау нәтижелерін белгілеуіне және жариялауына, сайланған Президентті тіркеуіне 7 күн көзделген..
Еске салсақ, 9 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жариялады, ол үндеуде 2019 жылдың 9 маусымында кезектен тыс президент сайлауы өтетін мәлімдеді. Мемлекет басшысының тиісті жарлығына қол да қойылды.
19 наурызда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшысы лауазымындағы өз өкілеттігін 2019 жылдың 20 наурызынан бастап тоқтататыны туралы жарлыққа қол қойған еді. Келесі президент сайлауына дейін елді уақытша сенаттың экс-спикері Тоқаев басқарады.

adimage