Қазақстан президенті мен Германия сыртқы істер министрі екіжақты қарым-қатынасты нығайту мәселесін талқылады

Күні: 13:39, 10-11-2014.

Астана. 10 қараша. ҚазТАГ – Мемлекет басшысы Н. Назарбаев Германияның федералдық сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайерді қабылдады, деп хабарлады ҚР президентінің баспасөз қызметінен.  
Хабарда атап көрсетілгендей, кездесу барысында екіжақты сауда-экономикалық, инвестициялық және отын-энергетикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттар туралы сөз қозғалды.
Қазақстан Президенті өткен айда Федералдық канцлер А.Меркельмен Миланда жүргізілген келіссөздердің жемістілігін атап айтты, - делінген Ақорданың ресми сайтында дүйсенбі күні жарияланған хабарда.  
«Біз өзара іс-қимылдарымыздың барлық тармақтары бойынша тағы бір рет «сағаттарымызды теңестіріп», ынтымақтастықтың деңгейі жоғары және қарқыны жақсы екенін атап өттік. Біз сіздің елді Қазақстанның Еуропадағы негізгі серіктесі санаймыз және барлық бағыттар бойынша әрі қарай да жұмыс істеуге дайынбыз», – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде осы кездесу үшін алғысын білдірген Ф.Штайнмайер бұл оның Қазақстанға Германия сыртқы істер министрі ретінде келген үшінші сапары екенін айтты.
«Біздің талқылайтын тақырыптарымыз көп. Әлемдегі жағдай күрделенді, дегенмен, айналып өтілмеуге тиіс тамаша сәттер де бар, мәселен Германияда кеше Берлин қабырғасының құлатылуының 25 жылдығы атап өтілді», – деді Германия федералдық сыртқы істер министрі.
Тараптар сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың дамуына тың серпін бере алатын бірқатар перспективалы бағыттарға да назар аударды.


Жаңалықтармен бөлісу: