Қазақстан президентіне аз қамтылған көп балалы отбасыларға көмек көрсету шаралары туралы баяндалды

Астана. 25 сәуір. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа аз қамтылған көп балалы отбасыларға көмек көрсету шаралары туралы баяндалды, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевты қабылдады. Мемлекет басшысына еліміздегі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға көрсетіліп жатқан көмектер бойынша және жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы жұмыссыздықпен күрес туралы баяндалды», - делінген сәрсенбідегі Ақорда хабарында.
Министр кәсіп ашуға гранттар, шағын несиелер берілетінін, мамандығы жоқ азаматтарды қайта оқытып, жастар практикасы мен қоғамдық жұмыстарға тарту арқылы жылына орта есеппен 370 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланғаны туралы мәлімет берді.
«Қасым-Жомарт Тоқаев халықты әлеуметтік қорғауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның сапалы жүзеге асырылуы маңызды екеніне тоқталып, әсіресе аз қамтылған көпбалалы отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, жұмыссыздық деңгейін 4,5%-тен асырмау қажеттігін тапсырды. Сонымен қатар, еліміздегі мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдаудың маңыздылығын айтты», - делінген хабарда.
Б.Сапарбаевтың айтуынша, алдағы үш жылда кемінде 1 млн. 100 мың жұмыс орнын ашу көзделген. Сонымен қатар, елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қорғау жөніндегі ұлттық жоспардың дайындалып жатқандығын, ішкі және сыртқы көші-қон саясатының жүзеге асырылуын жеткізді.
Мемлекет басшысы әлеуметтік бағдарламалардың уақытылы және сапалы атқарылуына байланысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.

adimage