Қазақстан президенттігіне кандидаттың әрқайсысына БАҚ-та сөйлеу үшін республикалық бюджеттен Т7,3 млн астам қаржы бөлінеді

Күні: 15:51, 08-05-2019.

Астана. 8 мамыр. ҚазТАГ – Қазақстан президенттігіне кандидаттың әрқайсысына БАҚ-та сөйлеу үшін республикалық бюджеттен Т7,3 млн астам қаржы бөлінеді, деп хабарлады Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) баспасөз қызметінен.
«Орталық сайлау комиссиясының "2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында республикалық бюджет қаражатынан өтелетін Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат шығыстарының мөлшерін белгілеу туралы" қаулысы қабылданды. Қаулыда Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат шығыстарының мөлшері 7 331 200 (жеті миллион үш жүз отыз бір мың екі жүз) теңге көлемінде белгіленді», - деді сәрсенбіде таратылған Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сабила Мустафина.
Атап айтсақ, БАҚ-та өз бағдарламаларымен сөз сөйлеуі үшін: теледидарда - он бес минут; радиода - он минут; мерзімді баспа басылымдарында немесе желілік басылымдарда 0,1 баспа парағынан екі мақала жариялау үшін қаражат бөлу қарастырылғанын хабарлады. Сондай-ақ республикалық бюджеттен кандидаттардың: сайлау алдындағы көпшілік іс-шараларды өткізуге; үгіт материалдарын шығаруға; Орталық сайлау комиссиясы белгілеген мөлшерде көлік шығыстарына арналған шығыстары өтеледі.
ОСК хатшысы кандидаттардың сайлау қорлары туралы да айтты.
«Президенттікке кандидаттың сайлау қоры мыналардан тұрады: кандидаттың өз қаражаты және оны ұсынған республикалық қоғамдық бірлестік республиканың азаматтары мен ұйымдарының ерікті қайырмалдықтарының жалпы сомасы заңнамада белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінен он бес мың еседен аспайды, бұл 637 500 000 (алты жүз отыз жеті миллион бес жүз мың) теңгені құрайды. Кандидатқа бөлінген қаражаттың жалпы сомасы заңнамада белгіленген ең төменгі жалақының он екі мың есе мөлшерінен аспайды, бұл 510 000 000 (бес жүз он миллион) теңгені құрайды», - деді Мұстафина.
Оның айтуынша, белгіленген мөлшерден тыс артық түскен ақша қаражаты сайлау қорларына есептелуге жатпайды және оларды енгізген азаматтар мен ұйымдарға қайтарылады.
«Анонимді қайырмалдықтар республикалық бюджет кірісіне аударылады. Сайлау қорларына тек заңды жолмен алынған қаражат ғана жіберілуі мүмкін. Сайлау қорының қаражатына билік ету құқығы Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттарға ғана тиесілі. Кандидат өз кандидатурасын алған немесе кандидатты тіркеу туралы шешімнің күші жойылған жағдайда сайлау қорына түскен ақша оларды енгізген азаматтар мен ұйымдарға қайтарылады», - деді спикер.
Бұл ретте ол атап өткендей, көрсетілген қаражатты қайтаруға байланысты шығыстар оларды енгізген азаматтар мен ұйымдардың есебінен өтеледі
«Сайлау қорытындылары анықталғаннан кейін күнтізбелік бес күннен кешіктірмей кандидат Орталық сайлау комиссиясына сайлау қорына ақша түсімдерінің көздері және барлық жұмсалған шығындар көрсетілетін өз сайлау қорының қаражатын пайдалану туралы есеп беруі қажет. Орталық сайлау комиссиясы сайлау қорытындылары жарияланғаннан кейін он күн ішінде БАҚ-та сайлау қорына келіп түскен ақшаның жалпы сомасы және оның көздері туралы ақпаратты жариялайды», - деді Орталық сайлау комиссиясының хатшысы.
Бұл ретте Халықтық Жинақ Банкі Ортсайлаукомға арнайы шотқа қаражаттың келіп түскені туралы және олардың жұмсалғаны туралы апта сайынғы есепті ұсынады.
«Арнайы шотқа қаражаттың түсуі және олардың жұмсалуы туралы есепті Орталық сайлау комиссиясы БАҚ-та айына екі рет жариялайды. Арнайы шоттар бойынша барлық қаржылық операциялар сайлау күнінің алдындағы күні он сегіз сағатта тоқтатылады. Кандидаттың сайлау заңдарының айтылған нормаларын және арнайы уақытша шот ашу және сайлау қорының қаражатын жұмсау қағидаларын бұзуы кандидатты тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға әкеп соғады», - деп ескертті Мұстафина.
Еске салсақ, 19 наурызда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшысы лауазымындағы өз өкілеттігін 2019 жылдың 20 наурызынан бастап тоқтататыны туралы жарлыққа қол қойған еді. Келесі президент сайлауына дейін елді уақытша сенаттың экс-спикері Тоқаев басқарады.
9 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жариялады, ол үндеуде 2019 жылдың 9 маусымында кезектен тыс президент сайлауы өтетін мәлімдеді.


Жаңалықтармен бөлісу: