Қазақстан президенттігіне үміткерлердің қайсысы ОСК-ге бірінші болып құжаттарын тапсырды

Күні: 11:00, 23-04-2019.

Алматы. 23 сәуір. ҚазТАГ - Қазақстан президенттігіне үміткерлердің қайсысы ОСК-ге бірінші болып құжаттарын тапсырды, бұл туралы ҚР ОСК баспасөз қызметінен хабарлады.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 55-бабына сәйкес 2019 жылғы 22 сәуірде Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде С.Түгелдің мынадай құжаттары ұсынылды: «Ұлы дала қырандары» Республикалық қоғамдық бірлестігі жоғары органның Қазақстан Республикасының Президенттікке кандидат ұсыну жөніндегі отырысының хаттамасынаың үзіндісі; Түгел Сәдібектің Президенттiкке кандидат болып дауысқа түсуге келiсiм беру жөнiндегi өтiнiші», - делінген дүйсенбідегі хабарда.
Сонымен қатар келесідей өмірбаяндық мәліметтері де ұсынылды: Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасын енгiзгенiн куәландыратын құжаты; Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі; Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың жоғарғы білім туралы дипломдарының көшірмелері; Мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда жұмыс тәжірибесінің болуын растайтын құжат ұсынылды.
Түгел 1955 жылы 23 ақпанда Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 1982 жылы С.М.Киров ат. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 1990 жылы Алматы Жоғары саяси мектебінде саясаткер мен әлеуметтанушы мамандығын алған. Әр жылдары Ұлан ауданы ұлттық бақылау комитетінің төрағасы, Ұлан аудандық «Ұлан таңы-Уланские зори» газетінің бас редакторы болып жұмыс жасаған; 1994 жылдың желтоқсанында «Қазақстан телевидение және радио корпорациясы» аппаратына ауыстырылған; 1998 жылдың қаңтарынан 2000 жылдың қарашасына дейін Ақмола әкімінің бірінш ібаспасөз хатшысы болған, 2000 жылдың қаңтарынан бастап «Менің Қазақстаным» халықтық-патриоттық қозғалысының төрағасы, ҚР ат спортының ұлттық түрлері Республикалық федерациясының бас хатшысы, 2002-2004 жылдар аралығында Астана Халықаралық баспасөз орталығының басшысы, 2004-2005 жылдар аралығында ҚР парламенті сенатының бөлім меңгерушісі болған. 2006 жылдың қаңтарынан бүгінгі күнге дейін шығармашылық және қоғамдық қызметтермен айналысып келеді. Ұлттық құндылықтар жөніндегі «Қазанат» республикалық ғылыми-танымал журналдың бас редакторы, ҚР ұлттық спорт түрлері қауымдастығының бірініш вице-президенті, ҚР ат спорты ұлттық түрлерінің Федерациясының президенті.
Еске салсақ, 19 наурызда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшысы лауазымындағы өз өкілеттігін 2019 жылдың 20 наурызынан бастап тоқтататыны туралы жарлыққа қол қойған еді. Келесі президент сайлауына дейін елді уақытша сенаттың экс-спикері Тоқаев басқарады.
9 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жариялады, ол үндеуде 2019 жылдың 9 маусымында кезектен тыс президент сайлауы өтетін мәлімдеді. Мемлекет басшысының тиісті жарлығына қол да қойылды.
ҚР президенті лауазымына үміткерлерді ұсыну 28 сәуірге дейін жалғасады.


Жаңалықтармен бөлісу: