«Бұқаралық ақпарат құралдарында таралған прокуратура қызметкерлерінің ұсталғаны жөніндегі ақпаратқа қатысты Бас прокуратура келесіні хабарлайды. Қызылорда облысында есірткі құралдарын сату күдігімен ұсталған адам ұсталған сәтте құқық қорғау органдарының қызметкері болмаған. Бұдан бөлек, Ұлытау облысында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ҚР ҚК 190-бабы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелді. Бұл іс ҰҚК-нің Қызылорда облысы бойынша департаменті мен ҚР Бас прокуратурасының ішкі қауіпсіздік департаментінің бірлескен шаралары аясында басталды», – делінген Бас прокуратураның ҚазТАГ редакциясының сауалына берген жауабында.
Бұған дейін БАҚ-та есірткі сату ісі бойынша ҰҚК қызметкерлерінің Олжас Әлиев есімді азаматты ұстағаны жөнінде хабар тараған еді. Ол Қызылорда облысы прокуратурасының қызметкері делінген. Сондай-ақ, дәл осы өңірде Ұлытау облысының прокуроры Самат Қаниевтің пара алу ісі бойынша ұсталғаны туралы да ақпарат жарияланған болатын.
Фото көзі: gov.kz