Қазақстан сенаторы үшемді дүниеге әкелген отбасыларды мемлекет есебінен тұрғын үймен қамтамасыз етуді ұсынды

Күні: 14:26, 06-11-2014.

Астана. 6 қараша. ҚазТАГ – Оксана Скибан. ҚР парламент сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов үшемді дүниеге әкелген отбасыларды мемлекет есебінен тұрғын үймен қамтамасыз етуді ұсынады, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
«Жыл сайын елімізде 40-50 үшем туылады. Жергілікті атқарушы органдар үшемді туған аналарға жылу, азық-түлік және тағысын тағын берін жатады. Алайда заңнамалық деңгейде үшем аналарына тұрғын үй ұсыну нормалары қарастырылмаған. Біз қазір заңнамада үшем және одан да көп баланы дүниеге әкелген аналарға тұрғын үйді кезектен тыс мемлекеттік тұрғын үй қорынан беру немесе жергілікті атқарушы органның жеке тұрғын үй қорында жалға алып отырған тұрғын үйінен беру құқығын ұсынатын нормаларды қарастыруымыз тиіс», - деді Қ. Айтаханов бейсенбі күні палататың алқа отырысында заң жобасын талқылау барысында.
Оның есебі бойынша, үшемдердің аналарына тұрғын үйді кезектен тыс беру үшін, «жыл сайын 400-500 млн теңге қажет».
Сенатор қатысып отырған үкімет мүшелеріне жүгінді.
«Құрметті Ерболат Асқарбекұлы (ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев – ҚазТАГ), осында қатысып отырған құрметті үкімет мүшелері, біздің өтінішімізді премьер-министр Кәрім Қажымұқанұлына (ҚР үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов – ҚазТАГ) жеткізуіңізді сұраймыз. Үшемдердің аналарына тұрғын үй беру үшін қаражат табу қиын емес деп ойлаймын», - деп қорытты ол.


Жаңалықтармен бөлісу: