Қазақстан үш жылғы келіссөздерден кейін Қарашығанақ консорциумынан $1,7 млрд астам қаржы алады

Күні: 17:28, 01-10-2018.

Астана. 1 қазан. ҚазТАГ - Қазақстан үш жылғы келіссөздерден кейін Қарашығанақ консорциумынан  $1,7 млрд астам қаржы алады, деп хабарлады ҚР энергетика министрлігінің баспасөз қызметінен.  
«ҚР Энергетика министрлігі, ҚР Қаржы министрлігі және Өкілетті орган «PSA» тұлғасында Қазақстан Республикасының Үкіметі, сондай-ақ Эни, Шелл, Шеврон, Лукойл және ҚазМұнайГаз (бұдан әрі - Консорциум) компаниялары тұлғасында Қарашығанақ жобасының акционерлері Объективтілік индексі бойынша дауды достық жолмен реттеу жөнінде қағидаттық уағдаластыққа қол жеткізді», - делінген дүйсенбіде таратылған хабарда.  
Хабарда атап өтілгендей, тараптар реттеудің негізгі шарттарын бекітетін Қағидаттар туралы келісімге қол қойды.
«Республика мен Консорциум арасында пайда беретін өнімді бөлу мәселесінде тараптардың үлестерін калькуляциялау әдістемесі бойынша келіспеушіліктер болатын. Осыған орай Қарашығанақ жобасының Өнімін бөлу туралы түпкілікті келісімнің (бұдан әрі - ӨБТК) шарттарына сәйкес Республика өз құқықтарын қорғау үшін халықаралық төрелікке талап-арыз берген болатын. Дегенмен, көп жылдық ынтымақтастық тәжірибесін ескере отырып, тараптар келіссөздер барысында дауды реттеудің өзара тиімді бейбіт жолын тапты», - делінген энергетика министрлігінің баспасөз парақшасында.
Осылайша, Тараптар уағдаластықтарды бекіту үшін Қағидаттар туралы келісімге қол қойды. Оған сәйкес, Консорциум $1,111 млрд. мөлшерінде Республикаға ақшалай өтемақыны төлейді. ӨБТК өнімін бөлу тетігіне өзгерістер енгізіледі, бұл өз алдына Республиканың 2037 жылға дейін бір баррель үшін $80 бағасымен шамамен $ 415 млн. қосымша табыс алуын қамтамасыз етеді. Консорциум инфрақұрылымдық жоба құрылысы үшін Республикаға $1 млрд. мөлшерінде 10 жылдық мерзімге ұзақмерзімді займ береді, немесе шамамен $200 млн. сомасында займның эквивалентті құнын (Республика займнан бас тартқан жағдайда) төлейді.
Осылайша, осы реттеудің жалпы ақшалай құндылығы Республика үшін $1,7 млрд. АҚШ долларын құрайды, оның ішінде шамамен $1,3 млрд-ты  мемлекет жақын арада алады.
Үкімет көрсетілген ұсынысқа қосымша Консорциумның Қарашығанақ жобасының болашақ дамуы үшін маңызды инвестициялық жобаларды уақтылы іске асыру бойынша міндеттемелерін қабылдауы туралы келісті. Алдын ала инвестициялар көлемі 5 млрд. АҚШ доллары сомасына бағаланады, бұл  2037 жылға дейін бір баррель үшін $80 бағасымен Республика үшін табыстардың шамамен   23,5 млрд. АҚШ долларына (немесе NPV10-да шамамен 6,4 млрд. АҚШ доллары)  өсуін көздейді.
Энергетика министрі Қ.Бозымбаевтың айтуынша, бұл Консорциуммен жүргізілген  күрделі келіссөздердің бірі болған және үш жылдай уақытқа созылған.  


Жаңалықтармен бөлісу: