Қазақстан Әскери-теңіз Күштерінің кемелері Каспийде оқу-жаттығу міндеттерін орындауға кірісті

Астана. 11 қыркүйек. ҚазТАГ – Қазақстан Әскери-теңіз Күштерінің (ӘТК) кемелері Каспийде оқу-жаттығу міндеттерін орындауға кірісті, деп хабарлады ҚР қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.
Ведомство сайтында жарияланған хабарда айтылғандай, «Қазақстан» және «Сарыарқа» ракеталық-артиллериялық кемелері теңізге шықты. Теңізде жүзу 5 күнге созылады. Бұл уақыт аралығында әскери теңізшілер судың тереңдігіне қарай күндізгі және түнгі уақытта іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу шеберлігін шыңдап, Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы аумағын жағалай әскери кемемен жүзіп өтуді орындайды. Қазақстан Әскери-теңіз Күштерінің әрбір кемесі теңізге шығу аясында 901,6 теңіздік миль (шамамен 1700 километр) бағытында жүзіп өтеді. ҚР ҚК Әскери-теңіз Күштері қолбасшысы басқармасының мәліметінше, аталған оқу-жаттығу Қазақстанның ӘТК әскери даярлық бағдарламасында ұдайы қарастырылған. Ол тұрақты әскери дайындықты қолдауға және әскерилердің теңіздегі дағдыларын арттыруға арналған. Оның аясында теңізшілер Каспий теңізінің қазақстандық аумағындағы судың асты-үстіндегі ахуалды зерттейді. Сондай-ақ, жағалауға жақын жүзу, навигациялық қауіптерді еңсеру, 30-40 метрге якорь тастау, әскери кеменің қару-жарағынан артиллериялық оқ атуды орындайды. Айта кетейік, бүгінгі таңда Әскери-теңіз Күштері миналық-көліктер, әскери ракеталық-артиллериялық кемелермен қамтылған. 2020 жылға дейін кезең бойынша дамыту жоспарына сәйкес Әскери-теңіз Күштерін қосымша заманауи кемелер мен көмекші қайықтармен жарақтау жоспарланып отыр.

adimage