Қазақстан Украинаның төрт облысының Ресейге қосылуы туралы референдумды мойындамайды

Астана. 26 қыркүйек. ҚазТАГ – Қазақстан Украинаның төрт облысының Ресейге қосылуы туралы референдумды мойындамайды, деп хабарлады Қазақстан Републикасы сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
«ЛХР мен ДХР деп өзін-өзі жариялаған мемлекеттердің және Запорожье мен Херсон облыстарының әскери әкімшіліктерінің Ресейге қосылу туралы референдумдар өткізуіне келетін болсақ, Қазақстан мемлекеттердің аумақтық тұтастығы, олардың егемендік теңдігі және бейбіт қатар өмір сүру қағидаттарын негізге алады», - деп мәлімдеді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
СІМ баспасөз хатшысы атап өткендей, президентіміз бірнеше рет, оның ішінде БҰҰ мінберінен жақында ғана сөйлеген сөзінде осы дүниежүзілік әмбебап ұйымның Жарғысына негізделген халықаралық құқық қағидатын бұлжытпай сақтаудың маңыздылығы туралы мәлімдеді. Жарғыда БҰҰ-ға мүше елдердің бейбітшілік пен мемлекеттердің аумақтық тұтастығын сақтау жауапкершілігі туралы айтылады.
«Біз саяси диалог орнату үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенімізді тағы да растаймыз. Бұл ретте еліміз тұрақтылықты өңірлік әрі жаһандық деңгейде сақтауды аса маңызды міндет санайды», - делінген хабарда.

adimage