Қазақстан өз азаматтарын Қытайдан әкелу үшін 10 және 12 ақпанда тағы екі ұшақ жібереді

Астана. 10 ақпан. ҚазТАГ – Қазақстан өз азаматтарын Қытайдан әкелу үшін 10 және 12 ақпанда тағы екі ұшақ жібереді, деп хабарлады ҚР сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтарды коронавирусты жұқтырудан қорғау жөнінде іс-шаралар қабылдау туралы тапсырмасына сәйкес, ҚР Үкіметі ҚХР аумағындағы және отанына оралуға тілек білдірген қазақстандықтарды ағымдағы жылғы 10 және 12 ақпанда әкелу үшін Қытай билігімен келісім бойынша Бейжіңге «Air Astana» әуекомпаниясының екі ұшағы жіберіледі», - делінген дүйсенбіде таратылған хабарда.
СІМ нақтылағандай, ұшу барысында жолаушылармен бірге медициналық қызметкерлер болады.
«Қытай тарапының өтініші бойынша осы рейстер арқылы Бейжіңге Қазақстандағы Қытайдың 47 азаматын, сондай-ақ Қытай Елшілігінің коммерциялық емес жүгін жеткізу жоспарлануда», - деді сыртқы саяси ведомстводан.
Хабарда нақтылағандай, қазіргі уақытта ҚХР аумағында ҚР-дың 719 азаматы бар, оның 391 отанына оралуға көмек көрсету туралы өтініш білдірді. Қалғандары – дипломатиялық мекемелердің қызметкерлері мен отбасы мүшелері, студенттер және басқа да жеке тұлғалар Қытайда қалуға тілек білдірді.
«Қазақстанның ҚХР-дағы дипломатиялық мекемелері қажет болған жағдайда тиісті көмек көрсету үшін ҚР азаматтарымен жұмысты жалғастыруда және тұрақты байланыста. Аталған барлық шаралар ҚХР аумағындағы біздің азаматтарға байланысты барлық мәселелерді шешуге сындарлы көзқарас танытатын Қытай тарапымен тығыз үйлестіру негізінде жүзеге асырылады», - деді ҚР СІМ-нен.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. 10 ақпандағы мәліметтерге сәйкес, 2019-nCoV коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны 40 мыңнан асады, қайтыс болғандар - 908, 3,3 мыңнан астам адам жазылды.
2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты.

adimage