Қазақстан жемқорлыққа қарсы рейтингіде 141-орын алды

Күні: 17:14, 13-11-2014.

Алматы. 13 қараша. ҚазТАГ – Қазақстан Trace атты жемқорлыққа қарсы рейтингіде 141-орын алды, деп хабарланады халықаралық TRACE International ұйымының ресми сайтында.
Жарияланған мәліметтік кестеге сүйенсек, Қазақстан 68 ұпайлық қатер бағасымен 197 орынның ішінде 141-сатыға жайғасып, Әзірбайжан мен Мали секілді елдермен көршілесіп тұр.
«Елдерді төрт негізгі критерий бойынша бағалаған: бизнеске ел билігімен өзара іс-қимыл жасауға қалай тура келеді, бұл мемлекетте жемқорлыққа қарсы қандай заңдар бар және олар тәжірибеде қалай қолданылады, мемқызмет пен мемлекеттік рәсімдер қаншалықты айқын, және барлық осы процестерді қоғамдық бақылау мүмкіндігі бар ма», - делінген кестедегі түсіндірмеде.
Жоғарыда көрсетілген факторлардың ішінде бизнестің билікпен өзара іс-қимыл жасауы бойынша нашар нәтиже Қазақстанда – 100 тармақтың 72-сі.  
«Бұл көрсеткіш кәсіпкерлерге әртүрлі деңгейдегі шенеуніктермен қаншалықты жиі байланысқа түсуге тура келетіні және, сәйкесінше, пара беру мүмкіндігі болатын жағдай қаншалықты жиі туындайтыны негізінде бағаланады», - деп түсіндіреді рейтинг авторлары.
Сонымен қатар жемқорлыққа қарсы заңнамасы үшін Қазақстан өзінің ең жоғары бағасын алған – 22 ұпай.
Егер Trace Matrix мәліметтерін Transparency International қоғамдық қорының жемқорлықты қабылдау индексімен (ЖҚИ) салыстырсақ, онда мәліметтер іс жүзінде сәйкес келеді: 2013 жылы ЖҚИ-да Қазақстан 177 елдің ішінен 140-орын алып, Гондурас, Лаос және Угандамен қатар көрші орналасқан.
Қазақстан Кеден одағы бойынша серіктестері – Ресей мен Беларусь – Trace Matrix рейтингінде сәйкесінше 134 пен 74-орындарға жайғасқан.
Trace International қауымдастығы – парақорлықпен күрес жөніндегі талаптардың орындалуына деген қымбат әрі күрделі бақылау процесін жеңілдету мақсатында 2001 жылы жеке кәсіпкерлердің бастамасымен құрылған халықаралық коммерциялық емес қауымдастық.  Trace Matrix әлемнің бүкіл еліндегі парақорлыққа қатысты жайттарды тіркеп отырады және, құрушылардың айтуынша, бизнестің практика жүзінде жаңа нарықтарға шығу кезінде қауіп-қатерлерді бағалай алуына бейімделген.
Елдік жаңа рейтингінің мәліметтері әр 2 жыл сайын жаңарып тұрады.


Жаңалықтармен бөлісу: