Қазақстан жылумен қамтамасыз ету секторын қайта құруды жоспарлауда

Күні: 18:34, 20-10-2014.

Астана. 20 қазан. ҚазТАГ - Оксана Скибан. ҚР Ұлттық экономика министрлігі қалалар мен елдімекендерді жылумен қамтамасыз ету секторын қайта құру тұжырымдамасын жасақтау мәселесін көтеріп отыр.

«Қалалар мен елдімекендерді жылумен қамтамасыз ету секторын қайта құру тұжырымдамасын жасақтау мәселесін көтеру туралы шешім қабылданды», - деп хабарлады дүйсенбідегі  ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының жанындағы өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысында  ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек  Өскенбаев.

Ол түсіндіріп өткендей, тұжырымдама жылумен қамтамасыз ету саласындағы ортақ мемлекеттік саясатты анықтайды - жылу көзінен жылуды тұтынушыға дейін және оны жүзеге асырудың механизмдерін.

Қ.Өскенбаев тұжырымдаманы жасақтауды ұсынуға не себеп болғанын тілге тиек етті.

«Айта кетерлік жайт, жылумен қамтамасыз етумен айналысатын нысандардың (Қазақстан бойынша - ҚазТАГ) басым бөлігі өз мерзімін әлдеқайда өтеп қойған. Жалпы, орташа есеппен жылумен қамтамасыз ету желісінің ескіруі 60% құраса, кейбір аймақтарда жылу энергиясын жоғалту 36% көрсетті», - деп атап өтті ол.

Вице-министр хабарлағандай,  жылу көздеріндегі қазандықтардың жартысынан көбі төмен деңгейдегі пайдалы әрекет коэффицентіне ие. Көрсеткіш шамамен 41 пайыз. Оның айтуынша, нәтижесінде қазандықтарды қамтамасыз ету мен ұстап тұру шығындары артты.

«Мұның барлығы апаттық жағдайларды тудырып, нысандар жұмысындағы ақаулар мен жыл сайынғы жылыту маусымындағы шаралардың сапасына әсер етпей қоймайды», - деп түйіндеді ол.


Жаңалықтармен бөлісу: