Қазақстанда 19 мың шетелдік азамат ресми түрде жұмыс жасауда

Астана. 24 ақпан. ҚазТАГ – Қазақстанда 19 мың шетелдік азамат ресми түрде жұмыс жасауда, деп хабарлады ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минситрлігінің баспасөз қызметінен.
«2020 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша Қазақстан аумағында 19 137 шетелдік азамат еңбек қызметін жүзеге асырады. Олардың ішінде бірінші санат бойынша (басшылар және олардың орынбасарлары) 753 адам (4%), екінші санат бойынша (құрылымдық бөлімшелердің басшылары) – 4 364 (23%), үшінші санат бойынша (мамандар) – 9 613 (50%), төртінші санат бойынша (білікті жұмысшылар) – 1 749 (9%), маусымдық жұмыстарда – 926 (5%), корпоративтік ауыстыру шеңберінде 1 732 адам (9%) тартылды», - делінген дүйсенбідегі хабарда.
Ведомствода нақтылағандай, шетелдік жұмыс күшін тартқан жұмыс берушілердің саны – 2 021, оларда 479 342 қазақстандық азамат жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96%-ын құрайды.
«Шетелдіктердің басым бөлігі құрылыс саласында – 8 582 адам (45%) жұмыс істейді. Тау-кен өнеркәсібінде 2 228 адам (12%), өңдеу өнеркәсібінде – 1 586 (8%), кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте 1 397 шетелдік (7%) жұмыс істейді», - деді ҚР ЕХӘҚМ.

adimage