Қазақстанда 2021-2022 оқу жылының басталу мерзімі, каникул кезеңдері бекітілді

Астана. 4 тамыз. ҚазТАГ – Қазақстанда 2021-2022 оқу жылының басталу мерзімі, каникул кезеңдері бекітілді, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Құжат бойынша, меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, орта білім беру ұйымдарында 2021-2022 оқу жылының басталуы, ұзақтығы және каникулы кезеңдерінің мынадай мерзімдері айқындалды: 1) Жаңа оқу жылы әдеттегідей 2021 жылғы 1 қыркүйекте басталады. 2) Оқу жылының ұзақтығы 1-сыныптарда – 33 аптаға, 2-11 (12)- сыныптарда – 34 аптаға жетеді», - делінген Қазақстанның білім және ғылым министрлігінің бұйрығында.
Сонымен қатар оқу жылы бойындағы каникул кезеңдері де бекітілді.
«Каникул кезеңдері: Бүкіл сыныптарда - күзгі каникул – 7 күн (2021 жылғы 1-7 қараша аралығында), - қысқы – 11 күн (2021 жылғы 30 желтоқсан мен 2022 жылғы 9 қаңтар аралығында), - көктемгі – 12 күн (2022 жылғы 19-30 наурыз аралығында). 1-сыныптарға арналған қосымша каникул – 7 күн (2022 жылғы 7-13 ақпан аралығында) болып белгіленді», - делінген құжатта.

adimage