Қазақстанда 250 мыңға жуық педагог қайта даярлау курсынан өтеді – БҒМ

Күні: 17:37, 28-02-2019.

Астана. 28 ақпан. ҚазТАГ – Алдағы үш жылда 250 мыңға жуық педагог қайта даярлау курсынан өтеді, деп мәлімдеді білім және ғылым министрі Күләш Шамшитдинова.
«2019-2021 жылдары жаңартылған мазмұн бойынша қайта даярлау курстарынан мектептердегі, колледж бен ЖОО-лардағы 244 мың педагог өтеді», - деді Шамшитдинова бейсенбідегі үкімет отырысында.
Министр атап өткендей, 2020 жылдан бастап аталмыш курстардан өтуге қарастырылған қаржы жоғары оқу орындарына ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалімдерді даярлауға жұмсалатын болады. «Осы жылдан бастап мектептерге тіл меңгерген ЖОО түлектері келе бастайды. Пәндерді ағылшын тілінде оқыту кадрлардың дайын болуына қарай кезең-кезеңімен жүргізіледі», - деп хабарлады министр.
Сонымен қатар, оның айтуынша, мектептер құрылысы мен оларға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді қаржыландырудың жаңа әдістемесі енгізілетін болады. «Қаржыландыру көлемі оқушылар контингентіне байланысты болады. Мектеп құрылысының орны жергілікті атқарушы орган құзыретіне кіреді», - деді министр.
«Білім берудің барлық деңгейіндегі оқыту бағдарламалары заманауи талаптарға сәйкес жандандырылады», - деді ол.


Жаңалықтармен бөлісу: