Қазақстанда 626 медұйым жоспарлы жұмыстарын қайта бастады

Астана. 12 тамыз. ҚазТАГ – Қазақстанда 626 медициналық ұйым жоспарлы жұмыстарын қайта бастады, деп хабарлады «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҰАҚ баспасөз қызметінен.
«2020 жылдың 1 тамызынан бастап Қазақстанда жоспарлы медициналық көмек көрсету қайта жанданды. Бірінші кезекте, ауруханаға жатқызуды республикалық деңгейдегі мамандандырылған клиникалар, облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі көп бейінді ауруханалар COVID-19-бен күрес жөніндегі іс-шараларға қатыспайтын қалған стационарларды кезең-кезеңімен қоса отырып жүргізе бастады. 2020 жылдың 10 тамызына жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша елімізде медициналық сақтандыру қорының 626 медициналық ұйымы жоспарлы медициналық көмек, оның ішінде терапевтік, кардиологиялық, гастроэнтерологиялық, аллергологиялық, хирургиялық, неврологиялық, пульмонологиялық, реанимациялық, акушерлік – гинекологиялық, нейрохирургиялық, травматологиялық бейіндер, торакалдық хирургия, қалпына келтіру емі және медициналық оңалту қызметтерін көрсетеді», - делінген сәрсенбіде таратылған хабарда.
Қор ақпарынша, ең көп медициналық ұйымдар Алматы (67), Шығыс Қазақстан (54), Алматы (50) облыстарында жұмысын қайта бастады.
«626 медициналық ұйымның ішінде жеке клиникалардың саны айтарлықтай жеткілікті. Жоспарлы медициналық көмек қызметтерін жеткізушілердің толық тізімімен Қордың сайтында танысуға болады. Тізім үнемі жаңартылып отырады», - делінген хабарда.
ӘМСҚ мәлімдегендей, медициналық қызметтерді тұтынудың болжамды өсуін ескере отырып, үшінші тоқсанда ағымдағы жылға жоспарланған көлемдер орындалуы мүмкін.
«Мысалы, бірінші тоқсанда жоспарлы емдеуге жатқызу өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 80% - ға өсті. Тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларда мамандандырылған медициналық көмек 15% – ға, медициналық оңалту 35% - ға ұлғайды. Қор өз тарапынан қаржыландыру жоспарына түзетулер енгізеді», - делінген хабарда.

adimage