Қазақстанда қаңтар-қыркүйекте төлем ұйымдарының сервистері арқылы жүргізілген төлемдер 36%-ға өскен

Алматы. 4 қараша. ҚазТАГ – Қазақстанда қаңтар-қыркүйекте төлем ұйымдарының сервистері арқылы жүргізілген төлемдер 36%-ға өскен, деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметінен.
«Қарастырылатын кезеңде төлем ұйымдарының сервистері арқылы 1,46 трлн теңге сомаға 334,6 млн төлемдер жүргізілді, 2018 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 36%-ға өсу болды», - деп хабарлады дүйсенбіде Ұлттық банктің төлем жүйесі департаментінің директоры Ерлан Ашықбеков.
Қаржылық реттеуші нақтылағандай, төлем ұйымдарының қызметіне реттеушілік және бақылау функцияларын орындау шеңберінде Ұлттық Банк оларды есептік тіркеуді жүзеге асырады.
«Ұлттық Банк берілген тіркеу нөмірлерін көрсете отырып Төлем ұйымдарының тізілімін қалыптастырады (Ұлттық Банктің интернет-ресурсында «Төлем жүйелері»/Төлем ұйымын есептік тіркеу» бөлімінде орналастырылған). Аталған Тізілімде сондай-ақ төлем ұйымдары ұсынатын төлем қызметтерінің тізбесі көрсетілген», - дейді реттеуші.
Аталған Тізілімге сәйкес ағымдағы күні Қазақстан аумағында 55 төлем ұйымы төлем қызметтерін көрсетуге құқылы.
«2019 жылғы 9 айда есептік тіркеуден өту үшін төлем ұйымдарының 43 өтініші қарастырылды. Жүргізілген жұмыс қорытындысы бойынша 13 төлем ұйымы тіркелді: «КАССА 24/7» ЖШС, «SilkSoftGroup» ЖШС, «WePay» ЖШС, «QazaqPay» ЖШС, «PayApp» ЖШС, «ASIAPAY (АЗИЯПЭЙ)» ЖШС, «Процессингтік агенттік - Қазақстан» ЖШС, «Primuspay» ЖШС, «Payment Transfer» ЖШС, «PAYBOX.money» ЖШС, «Innoforce systems» ЖШС, «PayDala» ЖШС және «Digitech Solution» ЖШС, - деп хабарлады Ұлттық Банктің Төлем жүйелері департаментінің директоры Ерлан Ашықбеков.
Бұл төлем ұйымдары төлем қызметтерінің мынадай түрлерін көрсетеді: төлем терминалдары арқылы қолма-қол ақшаны қабылдау жөніндегі қызмет; электрондық ақша саласындағы қызмет: электрондық ақшаны пайдалана отырып операцияларды іске асыру мен өңдеу; интернет пен мобильдік қосымша арқылы операцияларды қабылдау және өңдеу жөніндегі қызмет.
Ашықбековтың айтуынша, көрсетілетін төлем қызметтері шеңберінде төлем ұйымдары ұялы байланыс операторларының қызметтеріне ақы төлеу, коммуналдық қызметтерге ақы төлеу, салық төлемдері, қарыздарды өтеу, медициналық қызметтерге ақы төлеу және т.б. бойынша сервис ұсынады.

adimage