Қазақстанда алдағы екі тәулікте жауын-шашынды, тұман және күшті жел күтіледі

Астана. 29 қаңтар. ҚазТАГ – Қазақстанда алдағы екі тәулікте жауын-шашынды, тұман және күшті жел күтіледі, деп хабарлады «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметінен.
«30 қаңтарда Алматы облысының кей жерлерінде оңтүстік-шығыстан соғатын желдің күші 15-20 м/с, Алакөл маңында 20-25, екпіні 30 м/с және одан да күшейіп кетуі ықтимал. 30 қаңтарда Қостанай облысының кей жерлерінде бұрқасын болады, солтүстік-шығыстан соғатын желдің күші 15-20 м/с жетуі ықтимал. Сол күні Қостанай қаласында бұрқасын, солтүстік-шығыстан соғатын желдің күші 15-20 м/с күтіледі», - делінген сейсенбідегі дауылды ескертуде.
Хабарда айтылғандай, 30 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысында түнде кей жерлерде тұман түседі. Кей жерлерде жаяу бұрқасын болады, оңтүстік-шығыстан cоғатын желдің күші 15-20, күндіз екпіні 25 м/с жетеді.
«30 қаңтарда күндіз Түркістан облысының кей жерлерінде қатты қар немесе жауын жауады. Кей жерлерде тұман, көктайғақ болады, оңтүстік-батыстан соғатын желдің күші 17-22 м/с, таңертең және күндіз екпіні 27 м/с жетеді. 30 қаңтарда Шымкент қаласында күндіз қатты жауын-шашын күтіледі, оңтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы 17-22 м/с жетеді. 30 қаңтарда Түркістан қаласында оңтүстік-батыстан 17-22 м/с күшті жел соғады», - деп атап өтті синоптиктер.
30-31 қаңтарда Жамбыл облысында оңтүстік-батыстан күшті жел соғады, оның жылдамдығы кей жерлерде 15-20 м/с, 30 қаңтарда күндіз, 31 қаңтарда тәулік бойы екпіні 23-28 м/с сақталады. Кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ болады.
«30 қаңтарда күндіз, 31 қаңтарда тәулік бойы Тараз қаласында оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с, кей уақытта 23 м/с күтіледі. Кей уақытта тұман, көктайғақ күтіледі», - делінген хабарда.
Дауылды ескертудің ықтималдығы 85-95%.

adimage