Астана. 10 маусым. ҚазТАГ – Қазақстанда алдағы үш күнде тоқтаусыз жаңбыр жауады, деп хабарлады «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметінен.
«Қазақстанның батыс облыстарынан басқа өңірлерде тоқтаусыз жауған жауын, биіктіктегі барикалық жырамен байланысты, сол арқылы Баренц теңізі мен Солтүстік Оралдан тропосфералық салқын және ылғал ауа келуде. Алдағы үш тәулікте республикаға салқын және ылғал ауаның кезекті келуімен өзгерістер күтілмейді. Бұрынғыдай өңіріміздің басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы, найзағаймен өткінші жаңбыр, республиканың таулы аймақтары мен тау бөктерлерінде қатты жаңбыр күтіледі. Ауа температурасы орташа көпжылдық мәннен 3…5°С төмен сақталады. Тек батыс және оңтүстік-батыста жоғарғы атмосфералық қысымның әсерінен жауын-шашынсыз және ыстық ауа райы күтіледі, күндіз ауа температурасы 30…38°С дейін жоғарылайды», - делінген хабарда.
Сонымен қатар, «Қазгидромет» тағы екі облыс бойынша дауылды ескерту таратты.
«11-12 маусымда Солтүстік Қазақстан облысында кей жерлерде тұман күтіледі. 11 маусымда күндіз, 12 маусымда тәулік бойы кей жерлерде найзағай, дауыл күтіледі. Солтүстік-батыстан, батыстан жел соғады, кей жерлерде 15-20 м/с, 12 маусымда күндіз екпіні 23 м/с күтіледі. Петропавл қ: күндіз 11, тәулік бойы 12 маусымда найзағай, дауыл күтіледі. Солтүстік-батыстан, батыстан жел соғады, екпіні 15-20 м/с күтіледі», - делінген дауылды ескертуде.
Дауылды ескертудің ықтималдығы 90-95%.
«11 маусымда Ақмола облысының кей жерлерінде найзағай, күндіз дауыл, бұршақ күтіледі. Оңтүстік-батыстан, батыстан жел соғады, күші кей жерлерде 15-20 м/с жетеді. Дауылды ескертудің ықтималдығы 90-95%», - деді синоптиктер.