Қазақстанда автобустар салонына бейнебақылау камераларын орнату заң жүзінде бекітілмек

Астана. 29 сәуір. ҚазТАГ – Қазақстанда автобустар салонына бейнебақылау камераларын орнату заңнамалық түрде бекіту көзделіп отыр, деп мәлімдеді Премьер-Министр Олжас Бектенов.

«Қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік қозғалысын реттеу мен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы аясында қоғамдық көліктерге автобустардың салонында құқық бұзушылықтарды тіркеу үшін бейнебақылау камераларын орнатуды көздейтін норма қарастырылуда», – деді Бектенов мәжіліс депутаттарының сауалына жауап бере отырып.

Бұған дейін депутаттар қоғамдық көлік мәселесін көтеріп, оның ішінде автобус жүргізушілерінің қауіпсіздігі, жалақысы және басқа да бірқатар сұрақтарды алға тартқан болатын. Осыған жауап ретінде Бектенов 2025 жылы Қазақстан қалаларында автобустар сатып алуға арналған лизингтік қаржыландыруға бюджеттен 15 млрд теңге бөлінетінін хабарлады.

Сонымен қатар, премьер-министр автобус жүргізушілерін жолаушылардан толық оқшаулау мәселесі қарастырылмайтынын атап өтті, өйткені мұндай шара тек қылмыс деңгейі жоғары елдерде ғана қолданылатынын жеткізді.

Фото көзі: 2gis.kz


adimage