Қазақстанда қай жылдан бастап жеке тұлғалардың мүлік пен жер салығын біріктіру жоспарлануда

Күні: 11:46, 01-08-2019.

Астана. 1 тамыз. ҚазТАГ - Қазақстанда қай жылдан бастап жеке тұлғалардың мүлік пен жер салығын біріктіру жоспарлануда, бұл туралы ҚР ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
«Қазақстанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген заң жобасы шеңберінде көппәтерлі үйлердің меншік иелері үшін жер салығын жою және жеке тұлғалардан алынатын мүлік және жер салығын бір салыққа біріктіру ұсынылуда. (…)Қазіргі уақытта құжат мемлекеттік органдарда келісу рәсімінен өткізілуде. Ағымдағы жылғы күзде оны Парламентке енгізу жоспарланып отыр. Құжаттың мәтіні Министрліктің ресми сайтында және нормативтік құқықтық актілердің ашық порталында орналастырылған. Нормаларды енгізудің жоспарланған мерзімі – 2020 жыл», -делінген бейсенбіде таратылған хабарда.
Авторлар мәлімдегендей, жаңалықтың негізгі мақсаты – жеке тұлғалардың мүлік пен жер салығын төлеуін жеңілдету.
«Заң шығарушылар жеке тұлғалардың мүлік және жер салығын салық салу нысаны, салық базасы, мөлшерлеме, есептеу және төлеу секілді салық элементтерін өзгертпей, біріктіруді ұсынып отыр. Екі салық бір төлеммен алынады. Мөлшерлеме бұрынғыдай, ештеңе қымбаттамайды, тек салық төлеу тәсілі қолайлырақ болмақ. Осы күнге дейін екі түрлі салық, түрлі есептеу әдістемесі, екі түбіртек салық төлеушіге қолайсыздық тудырып келді. Ал көппәтерлі тұрғын үйдің меншік иелеріне салынатын жер салығын мүлде жою көзделуде. Өйткені болмашы салық үшін нысанның көптігі мен есептеудің қиындығы себепті әкімшілендіруге көп шығын кетеді», - деп хабардар етті экономика министрлігінен.
Еске салсақ, 20 мамырда «ҚазТАГ» ХАА «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасына сілтеме жасай отырып, Қазақстанда жеке тұлғалардың мүлік және жер салығын біріктіру жоспарланып жатқанын хабарлаған еді.



Жаңалықтармен бөлісу: