Қазақстанда ҚАЖ кәсіпорындарын мемлекеттік қорғаныс тапсырысына тарту мүмкіндігі қарастырылуда

Күні: 13:25, 20-10-2014.

Астана. 20 қазан. ҚазТАГ - Бауыржан Мұқанов. Қазақстанда қылмыстық-атқару жүйесі (ҚАЖ) кәсіпорындарының мемлекеттік қорғаныс тапсырысына қолжетімділік мүмкіндігі қарастырылуда, деп хабарлады ҚР ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.
«Қазір қылмыстық-атқару жүйесі кәсіпорындарының мемлекеттік қорғаныс тапсырысы бойынша жұмыстарға қолжетімділік мүмкіндігі қарастырылуда, соның аясында біз қарулы күштер әскери қызметкерлері мен басқа да әскери құрылымдардың арнайы әскери киімдерін және айырмашылық белгілерін  шығаруды бір жолға қоя алар едік», - деді Қ.Қасымов дүйсенбіде парламент мәжілісінің үкімет сағатында.  
«Бұл шаралар кешені ҚАЖ кәсіпорындарындағы өндіріс жағдайын барынша жақсартады деп ойлаймын», - деп толықтырды ол.
Министр 2014 жылдың 25 қыркүйегінде үкімет түзету мекемелерін 2015 жылдан бастап 2018 жылға дейін таза кіріс бөлігінде салық төлеуден босату туралы шешім қабылдағанын атап өтті. Бұл ақшалай қаражатты өндірісті жаңартуға бағыттауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Қ.Қасымовтың айтуынша, жаңа жылдан бастап ҚАЖ кәсіпорындары Ресей мен Белоруссиядағыдай мемсатып алу туралы заңды қолданбастан тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді жеткізуге шарт жасай алатын болады.  
«Былтырмен салыстырғанда сотталғанлар арасында жұмыспен қамтылғандар санын 1,5 мың адамға көбейте алдық. Ал жалпы түрмелерде қазір сотталғандардың жартысы ғана жұмыспен қамтылған, немесе еңбекке қабілетті сотталғандардың 26 мыңының 13 мыңы жұмыс жасайды», - деді министр.
ІІМ ақпарынша, жыл сайын түзету мекемелері Т12 млрд көлемінде өнім шығарады, жұмыстар жасалып, қызметтер көрсетіледі. Шығарылған өнімнің   80%-ы түзету мекемелеріне өз қажеттіліктері үшін жеткізіледі.


Жаңалықтармен бөлісу: