Қазақстанда банк секторының жиынтық активтері 2018 жылы 4,5% көбейді

Алматы. 25 қаңтар. ҚазТАГ – Банк секторының жиынтық активтері 2018 жылы 4,5% көбейіп, 25,241 трлн теңгеге жетті, деп хабарлады Қазақстан Ұлттық банкінің баспасөз қызметінен.
«Банк секторының жиынтық активтері 2019 жылғы 1 қаңтарда 25 241,0 млрд теңгені (2018 жылдың басынан бері 4,5%-ға ұлғаю) құрады. Активтердің құрылымында ең көп үлес кредиттерге – 50,7%, бағалы қағаздар портфеліне – 19,7%, қолма-қол ақша, тазартылған бағалы металдар мен корреспонденттік шоттарға – 13,8% тиесілі», - делінген хабарда.
90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттер (NPL) 1 016,3 млрд теңгені немесе несие портфелінің 7,4%-ын құрады.
«Несие портфелі бойынша провизиялар 1 776,6 млрд теңге немесе несие портфелінің 12,9%-ы (2018 жылдың басында – 2 126,4 млрд теңге немесе 15,6%) мөлшерінде қалыптасты», - делінген хабарда.
Банк секторының жиынтық міндеттемелерінің мөлшері 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 22 223,4 млрд теңгені (2018 жылдың басынан бастап 5,2%-ға ұлғаю) құрады. .
«Банктер міндеттемелерінің құрылымында ең жоғары үлесті клиенттердің салымдары – 76,7%-ды, айналысқа шығарылған бағалы қағаздар – 7,5%-ды, басқа банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан алынған қарыздар – 3,7%-ды иеленеді. Жиынтық міндеттемелерде банктердің Қазақстан Республикасының бейрезиденттері алдындағы міндеттемелері 2018 жылдың басымен салыстырғанда 5,6%-дан 6,2%-ға дейін (1 286,6 млрд теңгеге дейін) ұлғайды», - делінген хабарда.
2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша банк секторының жиынтық меншікті капиталы 2018 жылғы қаңтар-желтоқсанда 0,4%-ға азайып, 3 017,6 млрд теңге болды.
«Таза пайда (табыс салығын төлегеннен кейін ағымдағы кірістердің ағымдағы шығыстардан асып кетуі) 638,4 млрд теңгені құрады. Екінші деңгейдегі банктердің таза пайыздық маржасы және пайыздық спрэді 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша тиісінше 5,12% және 4,01% болды», - делінген хабарда.
2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 28 банк жұмыс істейді.

adimage