Қазақстанда дауыс беру үшін урналарды автоматтандыру мүмкіндігі қарастырылуда

Астана. 19 наурыз. ҚазТАГ – Алена Субботина. Қазақстанда дауыс беру үшін урналарды автоматтандыру мүмкіндігі қарастырылуда, деп мәлімдеді цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин
«Мен келесі сайлауда кей сәттерді жеңілдетеміз деп ойлаймын, оған сенемін. Мысалы, дауыс берушіні сайлау округіне бекіту және тіркеуден шығару мәселесі, бұдан басқа сайлаумен байланысты басқа да процестер бар. Бір облыстан екінші облысқа барып дауыс беретін болса, тұрғылықты округте тіркеуден шығуы керек. Келешекте осыны онлайн түрде жасауға болады Жәшікке бюллетеньді салған кезде қанша бюллетень түскенін автоматты түрде көрсетіп тұрса деген ойымыз бар. Осының барлығын қазір талқылап жатырмыз. ОСК-мен осы мәселенің барлығын талықладық, олар да құптап отыр. Әрине, мұның бәріне уақыт керек екені түсінікті», - деді Мусин жексенбі күні Астанадағы сайлау учаскелерінің бірінде.
Сонымен қатар, ол барлық қазақстандықтар үшін қашықтықтан дауыс беру мүмкіндігінің қарастырылып жатпағанын айтты, себебі сайлау таза өту үшін байқаушылардың қатысуы қажет. Ал онлайн-дауыс беру кезінде оның барысын бағдарламашылар ғана бақылай алады.
«Халықаралық қоғамдастық блокчейнді сайлау кезінде әлі қолданған жоқ. Ол тек тіркеу кезінде ғана қолданылады», - деп атап өтті министр.

adimage