Қазақстанда ипотека бойынша келіп түскен өтініш саны 85% өсті

Астана. 23 қараша. ҚазТАГ – Қазақстанда ипотека бойынша келіп түскен өтініш саны 85% өсті, деп хабарлады Қазақстан Ұлттық банкінен.
«Өткен тоқсанмен салыстырғанда, ипотека бойынша келіп түскен өтініш саны 85% өсті», - делінген ҚР Ұлттық банкінің 2020 жылдың III тоқсанында кредиттеу бойынша банктер арасында жүргізілген сауалнаманың қорытындысы туралы ақпарда.
Ақпарға сәйкес, кепілсіз кредиттеу сегментінде де өтінімдер саны 52% артты.
Жеңілдетілген автокредиттеу бағдарламасы бойынша қаражатты игеру аясында автокредиттерге сұраныс ұлғайып, түскен өтініштер саны 109% өсті де, несиелердің орташа мөлшері аздап төмендеді.
Банк қызметкерлері, Ұлттық банк ақпарынша, клиенттердің несиеге деген қызығушылығының артуын карантиндік шаралар кезеңінде кейінге қалдырылған сұраныстың жүзеге асырылуымен, сондай-ақ маркетингтік акция мен науқандардың өткізілуімен түсіндіреді.
Осы жылдың IV тоқсанында банктер жеке кредиттеудің барлық сегментінде сұраныс өсетінін болжап отыр. Ол кезде банктердің тұтынушылық қарыз беруге дайындығы да біршама ұлғая түседі. Тұтынушылық кредиттеу бойынша талаптар кредиттік лимит пен клиенттің төлем қабілетіне қойылатын талаптар бөлігінде жеңілдей береді.
2020 жылдың III тоқсанында кредиттеу жөнінде банктер арасында жүргізілген сауалнамаға екінші деңгейдегі 24 банк қатысты. Олардың ішінде 10 банкпен қосымша сұхбат жүргізілді, делінген хабарда.

adimage