Қазақстанда Конституция күніне орай ішкі істер органдарының 560 қызметкері марапатталды

Күні: 17:33, 29-08-2019.

Астана. 29 тамыз. ҚазТАГ - Қазақстанда Конституция күніне орай ішкі істер органдарының 560 қызметкері марапатталды, деп хабарлайды ҚР ІІМ (ІІМ) баспасөз қызметі.
Хабарда айтылғандай, ІІМ ҚР Конституциясы күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған министрліктің басшылығы, ардагерлер мен жеке құрамы қатысты.
Ағымдағы жылғы 30 тамызда тәуелсіз, экономикалық жағынан дамыған, әлемдік қауымдастықпен ынтымақтастықтағы мемлекет құру жолындағы қадамымызды заңдық негізде реттеген басты құжатымыздың қабылданғанына 24 жыл толады. Ата Заң – ел азаматтарының бостандығы мен құқығын жоғары деңгейде қорғалуын қамтамасыз етті.
«Ағымдағы жылы біз ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол картасы бойынша жоспарланған бірқатар маңызды іс-шараларды іске асыруға кірістік. Бүгін, негізгі Заңның және Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясаттың талаптарына сәйкес, біз елдегі қылмысқа қарсы күресте ІІМ-нің барлық қызметтері мен бөлімшелерінің жұмысын жоғары деңгейде, жаңа форматта ұйымдастырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуіміз қажет. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі азаматтық қоғаммен, үкіметтік емес ұйымдармен және бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, белсенді жұмыстар жүргізуде», - деп атап өтті министр Е. Тұрғымбаев.
Салтанатты шарада өз міндеттерін адал атқарғаны үшін және Қазақстан Республикасының конституция күніне орай ішкі істер органдарының бірқатар қызметкері мемлекеттік және ведомстволық наградалар тапсырылды.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы Жарлығымен қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі мен қайсарлығы үшін Қарағанды облысы ТЖД Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің бөлім командирлері Дәулет Алшымбеков, Талғат Медеубаев, аталған қызметтің жедел кезекшілігінің көмекшісі Дархан Райымбеков, Қарағанды облысындағы Өрт сөндіру бөлімі бастығының міндетін атқарушы Берік Рахымжанов мемлекеттік марапат - «Ерлігі үшін» медалімен награтталды.
Бұл өрт сөндірушілер «Жалаңтас» ауылы мен «Жас Қанат» балалар лагері жанындағы өртті сөндіру кезінде батылдық пен кәсіби шеберлікті көрсетті. Өрт сөндіру кезінде ауыл шаруашылығы алқаптары мен елді мекендердің қызыл жалынға орануына жол берген жоқ. Олардың ерлік әрекеттері нәтижесінде жүздеген адам өрттен құтқарылған болатын.
Сондай-ақ, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен қызметтік міндеттерін үлгілі орындап, жұмысында жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның бірқатар қызметкерлері марапатталды.
Жалпы, Қазақстан Республикасы Конституциясы күнін мерекелеуге орай, ішкі істер органдарының 560 қызметкері әртүрлі марапаттарға ие болды.
Мерекелік жиынның соңында Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің көркем өнерпаздар ұжымы дайындаған мерекелік концертік бағдарлама көрермендер назарына ұсынылды.


Жаңалықтармен бөлісу: