Қазақстанда коронавирус бойынша мониторингтен 15,5 мың адам алынып тасталды

Астана. 11 ақпан. ҚазТАГ – Мәдина Әлімханова. Қазақстанда коронавирус бойынша мониторингтен 15,5 мың адам алынып тасталды, деп хабарлады ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
«Медициналық мекемелер тұрғылықты жері бойынша Қытайдан келген 23 059 адамның денсаулығына 14 күн ішінде мониторинг жасады. Бүгінгі таңда инкубациялық кезеңнің аяқталуына байланысты 15 478 адам мониторингтен алып тасталды, ал 8690 адам әлі де медициналық бақылауда. Ешкімде коронавирустық инфекцияға күдік тіркелмеді», - деді Біртанов сейсенбідегі үкімет отырысында.
Бұл ретте ол атап өткендей, 11 ақпандағы таңертеңгісінгі жағдай бойынша 140 адам дене қызуымен және ЖРВИ белгілерімен ауруханаға түскен, олардың 113-і емделіп шыққан, тағы 27-сі стационарда жатыр. Науқастардың жағдайлары қанағаттанарлық. Олардың ешқайсысында коронавирус табылмады.
Сонымен қатар, министр атап өткендей, 11 ақпанда сағат 7.00-дегі жағдай бойынша ҚХР-да жаңа коронавирустық пневмонияның 42 638 расталған жағдайы тіркелген, оның ішінде 1016 науқас ажал құшса, 3996-сы жазылып шыққан.
Сондай-ақ ол хабарлағандай, әлемнің 27 елінде жаңа коронавирустың 448 расталған жағдайы тіркелді.
«Бұл ретте ҚХР-да 31 қаңтардан 11 ақпанға дейін аурудың өршуі 3,6 есе төмендеген (22%-дан 6,1% дейін). Бұл ҚХР-да эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталып келе жатқанын білдіреді», - деді Біртанов.
Өз кезегінде ҚР сыртқы істер министрі Тлеуберді Мұқтар Бескенұлы 343 қазақстандықтың Қытайдан Қазақстанға келуден бас тартқанын жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. 11 ақпандағы мәліметтерге сәйкес, 2019-nCoV коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны 42,6 мыңнан асады, қайтыс болғандар - 1016, 4 мыңнан астам адам жазылды.
2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты.

adimage