Қазақстанда коронавирусты инфекцияны жұқтыру жағдайы тіркелмеген – денсаулықмині

Астана. 23 қаңтар. ҚазТАГ – Владимир Радионов. Қазақстанда коронавирусты инфекцияны жұқтыру жағдайы тіркелемеген, деп мәлімдеді сәрсенбі күні ҚР денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары – мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин.
«Алматыға жолаушылар Қытайдың бес қаласынан келеді, Нұр-Сұлтанға – үш. Барлық шекарадан өтетін жерлерде, соның ішінде Қытаймен шекаралас теміржол және автокөлік жолдарында санитарлық-карантиндік пункттер бар, олар қашықтық термометриясын жүргізіп отырады. 13 мыңнан астам жолаушы тексерілді, Қытайдан келе жатқан қызуы бар жолаушы тіркелмеді. Коронавирусты инфекция тіркелмеді», - деді Бекшин бейсенбідегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, медициналық қызмет қазіргі таңда Қытайға қатынайтын ұшақтардың ұшқыштары мен бортсеріктеріне, теміржол көлігінің жолсеріктеріне үлкен назар аударуда, себебі олар жолаушылармен ұзақ уақыт бойы бірге болады.
«Біз қандай жағдайға назар аудару керектігі туралы тренингтер өткіздік: бұл дене қызуы, әлсіздік, ентігу, жөтел. Егер ұшу барысында осындай жолаушылар анықталса, ол туралы жердегі қызметке хабар жеткізіліп, алгоритм бойынша әуежай қызметі, шекара қызметі, санитарлық қызмет пен аумақтық денсаулық сақтау органдары жұмыс жасайды. Ең бастысы - науқасты уақытында анықтап, ауру тарап кетпес үшін басқаларынан оқшаулау. Аурудың келуінен ешқандай мемлекет қорғалмаған, десек те біздің мақсатымыз – жергілікті жағдайдың тіркелмеуі, ел ішінде вирустың тарамауы», - деді Бекшин.
Сонымен қатар турфирмалармен де жұмыс жүргізіліп жатыр, барлық жолға шығушыларға жадынамалар берілуде, онда барлық алдын алу шаралары көрсетілген: көп адам баратын жерлерге бармау, әсіресе нашар желдетілетін жабық орындарға бармау, респираторлық вирустық инфекция белгілері бар адамдармен араласпау, қолды жиі жуу.
«Мүмкіндігінше ҚХР-ға барудан бас тартуларын өтінеміз, егер ол мүмкін болмаған жағдайда Ухань қаласы мен Хубэй провинцияларына бармаулары керек, себебі бұлар коронавирусты инфекция таралған негізгі ауру ошағы. Дүниежүзідік десаулық сақтау ұйымы да Қытайға барудан бас тартуға еш негіз жоқ деп санайды. Кеше Женевада ДДСҰ шұғыл отырысы өтті, біз жақын арада инфекцияның қауіптілік деңгейі туралы ақпарат алатын боламыз», - деді комитет басшысының орынбасары.
Бұл ретте ол алдағы аптада ҚХР-мен қатынастың тоқтайтыны туралы айтты.
«Біз Қытайдың жаңа жыл мерекесі алдында хабарласып отырмыз. Қытай билігі 25 қаңтардан 2 ақпан аралығында шекара жабық болады деп мәлімдеді. Біздің қанша адамның кеткені туралы ақпарат алуға мүмкіндігіміз бар, оларға келгеннен кейін баса көңіл бөліп, бақылауға алатын боламыз», - деді Бекшин.
Баспасөз мәслихатында келтірілген ақпар бойынша, бүгінде коронавирусты аурудың 571 жағдайы тіркелген, оның ішінде 17 адам көз жұмған. Ауру Ухань қаласынан таралған. Алдын-ала ақпар бойынша аурудың таралуына жануарлар: жарқанат, қоян, құс, жабайы мысық, жанат тәрізді ит себеп болуы мүмкін.
«Таралуына келсек, коронавирустың адамнан адамға жұғатыны белгілі болды, алайда оның таралу деңгейі төмен және бәрі адамға жұққан вирустың шоғырлануына байланысты», - деді Бекшин.
Бұған дейін хабарланғандай, Қытайда коронавирустың өршуіне байланысты ТЖ жариялана ма, жоқ па бүгін шешеді, деп мәлімдеді ДДСҰ басшысы доктор Тедрос Адханом Гебрейесус.
Бұған дейін белгілі болғаны, осы аптаның сәрсенбісінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) шұғыл жиын өткізеді, онда халықаралық маңызға ие қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай ретінде #nCoV2019 коронавирусының өршуін жариялау қажет пе деген мәселе шешілетін болады.
Төтенше жағдайлар бойынша ДДСҰ комитетін шақырту туралы шешім Қытай билігі «жұмбақ» коронавирустың адамнан адамға жұғып жатқанын жариялағаннан кейін қабылданды.
ДДСҰ өз сайтында осы вирусты жұқтырған адамдарды қалай анықтауға және емдеуге болатыны туралы нұсқаулық орналастырды: қолды жиі жуу, жөтелгенде немесе түшкіргенде ауыз бен мұрынды жабу, жұмыртқа мен етті мұқият дайындау, сонымен қатар респираторлық ауру белгілері анықталғандармен тығыз байланыста болудан сақтану.

adimage